Миллионер мұрагерлер: Нұрәли, Әлидар және Нұрбол

Жарияланды 3 Маусым 2025 10:59

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Нұрәли Әлиев, Әлидар Өтемұратов және Нұрбол Назарбаев дәулеттілер тізіміндегі мұрагер-миллионерлер / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Нұрәли Әлиев, Әлидар Өтемұратов және Нұрбол Назарбаев дәулеттілер тізіміндегі мұрагер-миллионерлер / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең бай әрі ықпалды адамдардың балалары да көп кешікпей-ақ Forbes-тің дәулеттілер рейтингінен көрінді. Біреуі басты мұрагер ретінде қомақты байлықты иемденсе, тағы бірнеше адам ата-анасымен бірге миллионерлер тізіміне қосылды. Оларды миллионер мұрагерлер деп те атайды.

Нұрбол Назарбаев және оның қара Bentley көліктері

Нұрәли Әлиевтің миллиондары мен миллиардер «достары»

«Қазақша тонау» һәм Әлидар Өтемұратов

Нұрбол Назарбаев гаражында қымбат көліктер көп / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Нұрбол Назарбаевтың гаражында қымбат көліктер көп / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Нұрбол Назарбаев және оның қара Bentley көліктері

Қазақстанның дәулетті адамдары тізіміндегі ең жұмбақ миллионер — Нұрбол Назарбаев. 41 жастағы Нұрбол Болатұлы 179 млн доллармен рейтингтің 59-орнында тұр.

Ол 1983 жылы Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. Әкесі — Қазақстанның тұңғыш президентінің туған бауыры Болат Назарбаев, анасы — Гүлжан Назарбаева.

ҚазҰУ-дың заң факультетін 2003 жылы бітірген Нұрбол ұзақ уақыт құқық қорғау органдарында істеп, полиция полковнигі шеніне дейін көтерілді. Алматы облысы полиция департаменті басшысының орынбасары болған ол 2017 жылы мемлекеттік қызметтен кетіп, кәсіпке ден қойды.

Ықпалды әрі бай адамдардың отбасынан шыққан Нұрболға кәсіп етіп нан табу қиын болмағанға ұқсайды: көп күттірмей байлар рейтингіне шықты. Қазір Нұрбол Болатұлы Prime Capital Invest және Prime Capital Holding компанияларының қожайыны. Бұған қоса, оның «PLS инвестиция-құрылыс компаниясы» және «PLS-TM» компанияларында үлесі бар.

«PLS-TM» Алматыдағы АЗТМ машина шығаратын зауытқа иелік етеді. Айта кетейік, 2023 жылы Жоғарғы сот зауыттың 31,9% акциясын мемлекетке қайтару туралы қаулы шығарған.

Бір ғана Prime Capital Invest компаниясының өзінің «Prime Capital RE Ushkonyr«, «Prime Capital RE Talgar«, «Prime Capital RE Karasay», «Prime Capital RE Alakol» секілді түрлі өңірлерде тіркелген еншілес фирмалары бар. Осыдан-ақ оның кәсібінің ауқымын байқауға болады. Олардың дені жылжымайтын мүлікті басқарумен айналысады.

2023 жылғы қарашада әкесі Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін, Нұрбол басты мұрагер атанды. Мүліктің көбісі соған өтті. Олардың арасында Алматыдағы BNC Plaza бизнес орталығы да бар.

Рейдерлікке қатысты айыптаулар

Үш жылдан бері Нұрбол Болатұлының есімі кәсіпті күшпен тартып алу, яғни рейдерлікке қатысты даулы істерде аталып жүр. Мұндай айыптаулар, әсіресе, Қаңтар оқиғасынан кейін жиі айтыла бастады. Мәселен, 2022 жылы кәсіпкер Әзім Абдуллаев оны Almaty Steklo зауттың жарты үлесін тартып алып, ай сайын 250-300 мың доллар бопсалады деп айыптады.

«Алтын орда» базарына ет жеткізумен айналысатын тағы бір кәсіпкер оған «жамбасыма пышақ сұқты» деп айып таққан.

Дәл осы 2022 жылы Нұрбол Болатұлы үш бірдей Bentley автокөлігін сатуға шығарғаны мәлім болған. Одан кейінгі жылдары да рейдерлікке қатысы бар тағы бірнеше істе миллионердің аты аталған.

Қалай дегенмен, Нұрбол Болатұлы мұндай айыптаулардан кейін де тағынан түсе қойған жоқ, байлығы да артып жатыр. Оның Forbes-тегі орны соған дәлел.

Нұрәли Әлиев миллиардерлермен суретке түскенді ұнатады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Нұрәли Әлиев миллиардерлермен суретке түскенді ұнатады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Нұрәли Әлиевтің миллиондары мен миллиардер «достары»

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең жас миллионер атанған Нұрәли Әлиев 13 жыл бойы ең бай адамдар тізімінен түспей келеді. Ол Forbes рейтингіне алғаш рет 2012 жылы енді. Сол кезде Нұрәли бар болғаны 27 жаста еді. 13 жыл бұрын оның байлығы 200 млн доллар деп бағаланған. 2025 жылғы мамырда жарияланған рейтингте 40 жастағы топ-менеджердің дәулеті 289 млрд долларға бағаланды.

Әлиев Capital Holding және Darmen Holding компанияларының мажоритарлы акционері. Ол «Capital Holding» арқылы тағы бірнеше компанияға иелік етеді. Солардың бірі – «Ushalyk Gold Operating». Ол Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында бағалы металдар өндіреді. Ұшалық кен орнында 2 мың тоннадан аса алтын, 10 мыңға жуық тонна күміс қоры бар.

Холдинг құрамындағы «DONATELLO» компаниясы бірнеше қонақүйді басқарумен айналысады. Donatello Hotels and Resorts қонақүйі Дубай қаласында (БАӘ) орналасқан. Ал Donatello Boutique Hotel Алматы қаласында жұмыс істейді. Бұған қоса Нұрәлидің Астана мен Алматы қалаларында бірнеше мейрамханасы бар.

Capital Holding 2024 жылы 6,4 млн теңге салық төлеген. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен төрт есе аз.

2025 жылғы ақпанда Әлиев «Транстелеком» акционерлері құрамынан шығатынын мәлімдеді. Артынша сатылып жатқан компаниядан Нұрәли миллиардтаған дивиденд алатыны мәлім болды.

Миллиардерлер көшесіндегі үйлер

2024 жылғы жазға Нұрәли Әлиев америкалық Paramount компаниясын сатып алу үшін 5,5 млрд доллар ұсынғаны мәлім болды. Соған қарағанда, оның дәулеті Forbes Kazakhstan-да көрсетілген сомадан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Нұрәлидің анасы – Дариға Назарбаеваның дәулетін Forbes 571 млрд долларға бағалаған. Ана мен бала елдегі бірнеше медианы бірге басқарғаны мәлім.

Нұрәли Әлиевтің Лондон қаласындағы «миллиардерлер көшесінде» жылжымайтын мүлкі бары осыдан бес жыл бұрын жазылған. Қымбат үйлер 2019 жылы Ұлыбритания соты үш зәулім сарайды бұғаттаған уақытта БАҚ назарына іліккен. Сот барысында 80 млн фунт стерлинг тұратын үйдің қожайыны мүлікті «Қант» кәсіпорыны акцияларын сатудан түскен ақшаға сатып алғанын айтқан.

Тағы бір британ басылымы әйгілі детектив кейіпкері Шерлок Холмс «тұрған» үйдің де қожайындары Назарбаева мен оның ұлы екенін анықтаған. 2023 жылы баспасөзде бұл үйдің жаңа қожайындары пайда болғаны айтылды: тарихи үй 110 млн фунт стерлингке сатылған.

Бес бірдей дипломы бар топ-менеджер көпшілік алдына жиі шықпайды. Алайда әлеуметтік желідегі аккаунтын кейде жаңартып тұрады. Оның Instagram-дағы парағында Илон Маск, Джек Ма секілді миллиардерлермен түскен суреттері жарияланған. Мәселен, ол сауди ханзадасын «досым» деп атаған. Ертеректе Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртас сынды эстрада жұлдыздарымен түскен суреттерін желіге жүктеген.

Нұрәли 2003 жылы Аида Имашеваға үйленді. Аида — бұрынғы әділет министрі, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Берік Имашевтың қызы. Шенеунік ОСК басшылығындағы қызметтен 2022 жылғы қаңтарда түсіп қалды.

Әлидар Өтемұратов "Қазақша тонау" фильміне 2 млн доллар құйған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Әлидар Өтемұратов «Қазақша тонау» фильміне 2 млн доллар құйған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақша тонау» һәм Әлидар Өтемұратов

Әлидар Өтемұратов — ірі кәсіпкер әрі миллиардер Болат Өтемұратовтың үлкен ұлы. 1979 жылы Алматыда туған. Бейжің мен Лондонда білім алған. Ал 2000 жылы Ұлыбританиядағы Лафборо университетінде оқып жүрген уақытта алғашқы идеясын жүзеге асыру үшін қазір 3,7 млрд доллары бар дәулетті әкесінен ақша сұрап алған.

Енді Әлидардың өзінің байлығы 161 млн долларға жетті. Қазір ол DAR компаниялар тобына иелік етеді. Компанияның «әлемнің алты елінде 160 миллионға жуық клиенті бар». Оның құрамына Darlean (IT) , DAR University (корпоратив клиенттерге IT білім беру), Dossym (микрокредит) және басқа да компаниялар кіреді. DAR Bazar сауда орталығы да соның құрамында.

Кезінде Әлидар ForteBank-тің ірі акционерлерінің бірі болған. 2023 жылы оның банктегі үлесі 7,34%-ға жеткен. Алайда бір жылдан соң, құнды қағаздарын әкесіне сатқан.

Есесіне 2024 жылғы күзде Әлидардың тобы TNS+ компаниясының 49% үлесін сатып алды. Қазақстандағы Beeline брендіне ие VEON бұл үлесті 137,5 млн долларға сатқан.

Былтыр Әлидар кәсіпті басқаруға арналған қазақ тіліндегі тұңғыш Darlean платформасын іске қосқан.

Ақша табуды мақсат тұтпайтын миллионер

Миллиардердің ұлы кезінде кино өндірісімен де айналысқан. 2014 жылы Әлидардың продюсерлігімен «Қазақша тонау» фильмі экранға шықты. Құны 2 млн доллар тұратын қымбат туынды үш аптада 3 млн доллар жинады.

Ол 2024 жылғы су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында зардап шеккендерге 500 млн теңге аударғанын атап өтуге болады. Сол кезде әкесі Болат Өтемұратов 10 млн теңге бөлген.

Әлидар көпшілік алдына көп шыға бермейтін топ-менеджер. Сирек сұхбаттарының бірінде кәсіпкер «көп ақша табуды мақсат тұтпайтынын» айтқан. Оның Instagram-дағы парағына да артық ақпарат жарияланбайды.

Әлидар Өтемұратов 2011 жылы алтын өндірісіне қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Бұған дейін Kursiv.Media 12 жыл бойы парламентте отырған экс-депутат Серік Қонақбаевтың 48 млрд теңгені қалай жиғаны туралы жазған.

Қазақстандағы дәулетті адамдардың әйелдері немен айналысатыны қызықтырса, сол туралы мақалаға өтіңіз.

Сондай-ақ оқыңыз