
Apple Inc. 2025 жылдың соңында ақылды көзілдіріктер шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жасанды интеллектімен жабдықталған құрылғыларды дамыту аясында шығарылады.
Bloomberg-тің жағдайдан хабардар дереккөзге сүйеніп хабарлауынша, компания инженерлері Meta Platforms Inc.-тің танымал Ray-Ban көзілдіріктеріне бәсекелес болатын бұл өнімді 2026 жылдың соңына дейін шығаруға тырысады.
«Дереккөздің хабарлауынша, Apple биыл жылдың соңында шетелдік жеткізушілермен бірлесіп прототиптердің жаппай өндірісін бастайды. Бұл өнімдер ресми түрде жарияланбағандықтан, дереккөздер аты-жөнін көрсетпеуді сұраған», – деп жазды Bloomberg.
Apple жасанды интеллектімен жұмыс істейтін құрылғылар нарығына қосылуға ниетті. Бұған дейін OpenAI Apple-дің бұрынғы бас дизайнері Джони Айвпен бірлесіп келесі жылдан бастап аппараттық өнімдерді шығаруға кірісетінін хабарлады. Компания Айвтің құпия io стартапын сатып алып, ЖИ құрылғылар желісін шығаруды көздеп отыр.
Apple көзілдіріктері камера, микрофон және динамиктермен жабдықталады, бұл оларға сыртқы ортаны талдауға және Siri дауыс көмекшісі арқылы тапсырманы орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар телефон қоңырауын қабылдай алады, музыка қосады, тікелей аударма жасайды.
«Көзілдірік бастапқыда компания ішінде N50 деп аталған, бірақ қазір бұл жоба кеңірек санаттағы құрылғыларды зерттейтін N401 деген атаумен белгілі. Дегенмен, Apple-дің бұл жоспары әлі де өзгеруі мүмкін – компания бұған дейін де бірнеше жобаларын тоқтатқан», – деп жазды Bloomberg.