Алматы қаласында пәтер жалдау ақысы арзандады

Жарияланды 9 Маусым 2025 16:37

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Алматы қаласында пәтер жалдау ақысы Астанаға қарағанда сәл қымбат / фото: shutterstock
Алматы қаласында пәтер жалдау ақысы Астанаға қарағанда сәл қымбат / фото: shutterstock

2025 жылғы мамыр айында Алматы қаласында пәтер жалға алу ақысы сәуірмен салыстырғанда 3,6%-ға арзандады. Мегаполисте 2023 жылғы қыркүйектен бері алғаш рет жалға алу бағасы айтарлықтай төмендеп отыр.

Бір қызығы, мамыр айында қалада бағаның осылайша арзандауы кейінгі он жылда екінші рет ғана болып отыр. Алғаш рет жалға алу ақысы 2016 жылы түскен. Сол кезде баға бірден 16%-ға төмендеген. Басқа жылдардың бәрінде көтерілген.

Сол себепті мұны жылдың осы уақытына тән құбылыс деп атауға болмайды дейді «Бірінші кредит бюросының» сарапшылары.

Алматыда жалға берілетін пәтердің 1 шаршы метрі 5,2 мың теңге болды.

Бұл уақытта мегаполисте баспана құны көтеріліп жатыр. Жаңа пәтер бағасы 1,9%-ға көтерілді. Осылайша қалада баспана тоғызыншы ай қатарынан қымбаттады. Ескі үйлер бағасы да 1,3%-ға көтерілген. Оның құны бесінші ай қатарынан өсіп жатыр.

Астанада, керісінше, баспана арзандады. Жаңа пәтерлер бағасы өзгермесе, ескі пәтерлер 2,6%-ға төмендеді. Бұл қалада баспана бағасы 2023 жылғы шілдеден бері алғаш рет осылайша арзандап отыр.

Астанада пәтерді жалға алу ақысы айтырлықтай өзгермеді – баға сәуірмен салыстырғанда бар болғаны 0,1%-ға төмендеді. Мұнда мамыр айныда орташа жалға алу бағасы 1 шаршы метріне 5 мың теңге болды.

Осылайша Қазақстанның екі ірі қаласында пәтер жалдау ақысы теңесіп келеді. 2025 жылғы мамырда Астанада пәтер жалдау Алматыға қарағанда бар болғаны 4,6%-ға арзан болған. Үш жылдан бері Алматы қаласында пәтер жалдау астанаға қарағанда қымбат.

Бұған дейін Kursiv.Media 2025 жылғы сәуір айындағы бағалар туралы да жазған.

Сондай-ақ оқыңыз