Жазда қай елдерге саяхаттап бармаған дұрыс

Жарияланды 18 Маусым 2025 08:11

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Жазда қай елдерге саяхаттап бармаған дұрыс/Фото: kursiv.media

Жаз — Қазақстанда демалыс уақыты. Балалар мектептен, ересектер оқуы мен жұмысынан үзіліс алып, халықтың ел ішінде де, шетелге де жиі саяхаттайтын маусымы. Бірақ жаз — әлемнің барлық жерінде бірдей демалысқа жайлы мезгіл емес. Саяхатқа жинала қалсаңыз, жаз кезінде қай елдерге бармаған жөн екенін, бара қалсаңыз, неге дайын болу керектігін біле жүріңіз. 

Ауа райы, табиғи циклондар, жаппай демалыс немесе овертуризм. Себебі әртүрлі болғанымен, төменде аталатын мемлекеттердің бәрін бір дүние біріктіреді. Бұл елдерге жаздан басқа уақытта барған жақсы.

БАӘ, Иордания, Мысыр, Оман, Қатар, Сауд Арабиясы 

Аталған елдерде маусым-тамыз айларында қатты ыстық болады. Ауа температурасы +55 градусқа дейін көтеріледі. Таяу Шығыс халқының көбі жазда салқын, таулы өңірлерге немесе Азияның мұхит жағасындағы жап-жасыл елдерге  саяхаттап кетеді. 

Бұл елдерде туристік маусым күздің ортасында басталып, көктемнің соңына дейін жалғасады. Жаз — Таяу Шығыс туризміндегі төмен маусым (low season). Сондықтан жазда БАӘ, Мысыр мен Қатар сияқты ыстық турлар көшін бастап тұрған елдерге билет, қонақүй бағасы арзандайды. Сәйкесінше, арзан бағаға турлар көбейеді. Көбі үнемді саяхатқа қызығып, Қатар мен Дубайға жазда баруы мүмкін. Бірақ демалысыңыздың 90 пайызын қонақүйде өткізуге дайын болыңыз. Теңізге күн көтерілмей тұрып, таңсәріде немесе күн батқаннан кейін ғана түсе аласыз. Ыстық ауа кеш қарайғанда да басылмайды, түннің өзі еркін тыныстауға қиын, қапырық болып тұрады. Бұл елдерге қонақүйде кондиционер астында жатып демаламын десеңіз ғана баруға болады. Еркін аралап, белсенді саяхаттау үшін күздің ортасынан мамырдың соңына дейін бару керек.

Италия 

Тамызда Италия халқы жаппай демалады. Мұнда жыл сайын 15 тамызда «Феррагосто» мерекесі атап өтіледі. Феррагосто — ежелгі Рим дәуірінен бері жалғасын тауып келе жатқан бүкілхалықтық демалыс мерекесі. Бұл мерекеде құлдардың өзі ауыр еңбектен босатылатын. Қазір италиялықтар тамызда жұмысынан демалыс алып, кәсібін жауып, бір аптадан бір айға дейін теңіз жағасына, шетелге немесе таулы өңірлерге саяхаттап кетеді. 

Бұл — бүкіл ел болып демалудың ең әдемі көрінісі. Бірақ мұндай демалыс туристерге аса жайлы емес. Өйткені қалалардың көбінде тіршілік тоқтайды, дүкендер мен көп кәсіп түрі жабылады. Мейрамханалар демалыс уақытына көшеді: жұмыс уақытын алдын-ала біліп, ескермесеңіз, кейде тамақ ішетін орын таппай қалуыңыз мүмкін. 

Әлбетте, ең ірі туристік қалалар — Рим, Венеция, Флоренция жұмысын тоқтатпайды. Бірақ бұл уақытта Италияда адам шектен тыс көп болады. Өйткені шетелден келетін миллиондаған туристің қатарына демалыстағы италиялықтар қосылады. Осының әсерінен, қонақүй, әуе билеттері мен тамақ бағасы күрт өседі. Теңіз жағасындағы шағын қалаларда тұратын жер, қонақүйден бос орын табу қиындайды. Көлік тұрағынан орын алу, мейрамханадан үстел броньдау, пойызға билет табу әуресі тағы бар. Көп мұражай мен көрнекі орындар тамыз ортасында бірнеше күнге жабылады. Халқының бәрі демалысқа кеткен елдімекендерде саяхатшыларға қызмет көрсететін орын таппай, турист көп жағажайлар мен курортты қалашықтарда овертуризмнен шаршағыңыз келмесе, Италияға тамызда бармаңыз.

Үндістанның «алтын үшбұрышы” 

Үндістанның солтүстігіндегі Нью-Дели, Агра және Джайпур қалаларын «алтын үшбұрыш» деп атайды. Себебі аталған үш қала Үндістанға келетін туристердің басым бөлігі міндетті түрде іздеп баратын танымал бағыттар саналады. Шетелдік саяхатшылар сапарын көбіне ел астанасы Нью-Делиден бастап, әлем кереметі — Тәж-Махалды көру үшін Аграға соғып, ары қарай қызғылт қала — Джайпурды аралайды.

Бірақ бұл қалаларға жазда бармаған дұрыс. Жаз айларында Үндістанда қатты ыстық болады. Аталған үш қаладағы ауа температурасы +45 градусқа дейін жетеді.

Үндістан — жаяу аралап, сезінетін ел болғандықтан, мұндай ыстықта ұзақ жүру денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Оның үстіне Үндістан, әсіресе, Нью-Дели ауаның ластығы бойынша әлемде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Ыстық пен лас ауа комбосы — өкпеге ауыр жүктеме. Үндістанның бұл бөлігінде жайлы саяхаттайтын мезгіл — қыс уақыты. 

Таиланд

Таиландта маусымнан қазанға дейін муссон желдері әсерінен жаңбырлы маусым болады. Жауын көбіне қысқамерзімді: тез басталып, тез аяқталады, әдетте түстен кейін немесе түнде жауады. Жауын-шашын мол болғандықтан, жазда Таиланд жап-жасыл болып, сарқырамалар суға толып, ерекше әдемі күйге енеді. Ауа температурасы — 28-34 градус. Бұл кезде Таиландта турист аз, сондықтан бағалар арзандайды. Қалтаға жеңіл, жанға жайлы болғанымен, жаңбырлы маусымның бірнеше кемшілігі бар:

  • Жауын кез келген уақытта басталып кетуі мүмкін, ұзақтығын алдын-ала болжай алмайсыз, сондықтан белсенді саяхатқа жоспар құру қиындау. Үнемі жауыннан қорғайтын күртеше алып, дымқыл киіммен жүруге дайын болу керек.
  • Ылғал деңгейі жоғары болғандықтан, масалар көбейеді, сәйкесінше, Денге лихорадкасын (ауру масаның шағуынан тарайтын инфекция) жұқтыру қаупі жоғарылайды.
  • Жел мен жауын-шашынға байланысты кей күндері мұхитқа түсуге тыйым салынуы мүмкін. Толқын қатты болса, серфинг, дайвинг жасай алмайсыз. 

Ештеңеге қарамастан, Таиландқа жазда барамын десеңіз, Ко Панган, Ко Самуи, Ко Тао аралдарында демалыңыз, мұнда жауын-шашын мөлшері аздау болады. 

Непал

Непалда әлемдегі ең биік шың Джомолунгма (8848 м) немесе Еверест орналасқан. Бұл — тауға ғашық экстремал альпинистердің ең үлкен арманы. Еверест шыңын бағындыру екінің біріне бұйыра бермейтін бақ, бірақ кәсіби альпинист болмаса да, орташа дайындықпен Еверестің базалық лагеріне өз жолымен немесе турмен көтеріліп жүрген адамдар саны жыл санап артып келеді. Непалға баратын саяхатшылардың 95 пайызы тауға көтерілуге келеді. Мұнда ұзақтығы 2-3 күннен екі аптаға дейін созылатын, тау арасымен жүріп өтетін ондаған трейл (жол) бар. 

Непалға баратын адамдардың негізгі дені — хайкерлер мен тауға ғашық адамдар екенін білдік. Енді Непалға неге жазда баруға болмайтынын түсіндірейік.

Мамырдың соңынан тамыздың аяғына дейін Непалда жаңбырлы маусым. Тау арасындағы жолдарды су шайып кетеді, тұманнан айналаны анық көру мүмкіндігі төмендейді. Бұл кезде турист аз, сәйкесінше, жалғыз жүрсеңіз, тауда көмек сұрайтын саяхатшы кездестіру қиындау. Тауға жиі баратын адамдар жауын астында малмаңдай су болып биікке көтерілудің машақатын жақсы біледі. Непалдағы тауда орналасқан ауылдардың көбінде жылы су жоқ, жарық жиі өшеді. Бұл киімдерді кептіріп, жол азабын жеңілдету ықтималдығын азайтады. Сондықтан жаз Непалдың жасыл, гүлденген кейпін көріп, жергілікті мәдениетпен танысып, баяу саяхаттауға жақсы уақыт. Бірақ тауға көтеріліп, ұзақ әрі күрделі хайкинг жасауға қазан немесе наурыз-сәуір айларында барған жақсы. 

Мальдив аралдары

Мальдив аралдарында жаз бойы жаңбырлы маусым болады. Бірақ жыл он екі ай қымбат болатын Мальдивтегі бағалар жазда күрт төмендейді. Жаңбыр әдетте ұзаққа созылмайды, күн қалыпты +28 градус күйінде қалады. Тропикалық жауыннан қорықпасаңыз, Мальдивтің жазда басқа кемшілігі жоқ.

Куба және Доминикан Республикасы

Куба, Доминикан Республикасында жаз бойы жауын-шашын, тамыздың соңына қарай қатты дауылдар болады. Қатты жел мен құбылмалы ауа райына дайын болыңыз. Аталған елдерде қарашадан наурызға дейін демалған жақсы. Жазда бұл жаққа АҚШ пен Канададан туристер ағылады, соның әсерінен қонақүйлер мен қызмет көрсету бағасы күрт көтеріледі.

Шри-Ланка

Шри-Ланка — аралдың оңтүстік және батыс бөлігінде муссондар маусымы болады. Жаңбыр мен желден қыс бойы турист үзілмейтін курортты қалашықтардағы тіршілік баяулайды. Шри-Ланкада муссондар аралдың әр жағалауына әртүрлі уақытта келеді, сондықтан батыс пен оңтүстікте мұхитқа түсе алмайтын жаз кезінде шығыс пен солтүстікте жайлы мезгіл басталады.

Сондай-ақ бұған дейін әлемде туристер ең аз баратын елдер қатарын да тізіп шыққан болатынбыз. Онымен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз