Бай болуға бір қадам жақындата түсетін кішігірім қаржылық әдеттер

Жарияланды 24 Маусым 2025 08:00

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Бай болуға үйрететін қаржылық әдеттер қандай?/ Фото: shutterstock

Қазіргі өмір салтыңыздың қарқынын қатты өзгертпей, бірақ қаржы жағынан еркін бола түскіңіз келе ме? Онда сізге аз-аздан қадам жасаудан бастау керек. Бір қарағанда елеусіз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен әдетке айналдырсаңыз, көп ұзамай жағымды нәтижесін көре бастайсыз. Бүгінгі материалымызда сізді байыта түсетін, санаңызды сілкінтетін, болашаққа сенімдірек ететін күнделікті әдеттер туралы айтамыз.

Байлық аспаннан түспейді

Лотереядан аяқ-асты ұтып алмасаңыз не кинодағыдай бай біреудің мұрагері екеніңізді жылдар өте білмесеңіз, басқа жағдайдың бәрінде байып кету үшін үздіксіз қадам жасау керек. Ол үшін міндетті түрде ауқымды өзгеріс қажет емес. Қайта елеусіз көрінген қадамдар күнделікті жасалған сайын ақша туралы ойыңызды дұрыстап, сауаттырақ ете түседі. Жаттығу жасап бастаған адамның мүсіні бірден сұлу да сымбатты болып кетпейді. Бірақ араға уақыт салғанда сол әдеттің арқасында нәтиже көріне бастайды, солай емес пе? Қаржы әдеттері де солай жұмыс істейді.

Таңертең қанша ақша барын тексеріп жүріңіз

Шотыңызда қанша барын тексеріп отырсаңыз бұл паранойя емес. Қайта сауатты адамның әдеті деген дұрысырақ. Картаңызды шолып шықсаңыз, инвестиция не салымды қарасаңыз, іштей жағымды сезімде боласыз. Өзіңізді бәрін бақылауда ұстай алатын, сенімді адам ретінде сезінесіз.

Әрі үнемі ақшасын тексеріп жүретін адамдар ақшаны оңды-солды құрта бермейді. Психологтар мұны «бақылаушы эффектісі» деп атайды. Яғни біреу қарап тұрғанын білген кезде ереже азырақ бұзылады. Тіпті сол қарап тұрған адам өзіңіз болсаңыз да, осылай жасап жүргеннің жақсы әсері болады. Чикагодағы Лойола университетінің зерттеуіне қарасақ, бюджетті күнделікті тексеріп отырған кезде ойламаған жерден бірдеңе сатып алу деген әдет 25 пайызға азаяды екен.

Бір зат алсаңыз, бір затты тастап отырыңыз

Жаңа киім, гаджет, косметика алған кезде үйдегі сондай бір затты лақтырып отырған дұрыс. Сонда сіз саналы түрде сатып алып қана қоймай, ауыстыруды үйренесіз. Соның арқасында артық заттан да арыласыз, тәртіп орнайды. Ал зат алғанның үстіне ала берсеңіз, үй тез шашылып, оның бәрі энергияңызды жейді. Ондай кезде мида да тәртіп болмайды. Сатып жіберуге болатын нәрсені сатып тастаған жақсы. Тіпті 1000 теңгеге болсын сатуға болса, неге жасамасқа? OLX-ке салып қойыңыз. Содан түскен ақша өзіңізге микроинвестиция болады. 

Қаражатыңызға ревизия жасауға аптасына 10 минут бөліңіз

Аптасына бір рет, мысалы жексенбі күні таңертең ыңғайланып отырыңыз да, бюджетіңізді есептеңіз. Қолма-қол ақша ұстайтын болсаңыз — қойындәптерге, мобайл банкиң болса қолданбаға қарап ревизия жасаңыз. Жоспар бойынша қанша құртамын деп ойладыңыз, шынында қанша жұмсадыңыз — салыстырыңыз. Осындай шындықпен бетпе-бет келесіз. Соның арқасында жаман әдеттеріңізді дер кезінде «құрықтайсыз». Мысалы осы аптада жоспарланған ақшадан аз жұмсаған болсаңыз, онда сол үнемдеген соманы жинаққа салып қойыңыз.

Шағын қорыңыз болсын

Күнде кешке азғантай бір соманы (100-500 теңгедей) бүгін болған жақсы бір оқиғаның құрметіне деп қорға салып отырыңыз. Сонда бір айда көп болмаса да, жинақ пайда болады. Ол сізге мол мотивация сыйлайды. Мұндай қор жасаған кезде адамның шүкірі арта түседі. Әрі қаржылық тәртіп қалыптастырады.

Қаржы сауатын арттырып отырыңыз

Ақша жинап, байығысы келген адам ақша туралы көп білуі керек. Әйтпесе, бағытсы кетіп бара жатқан жолаушы сияқты боласыз. Сол үшін күнде кемінде бір бет болсын кітап оқып не қысқаша видео көріп отырыңыз. Тақырыбы — капитал. Подкаст тыңдасаңыз болады. Fidelity деректеріне сүйенсек, күніне 15 минутын қаржы сауатын арттыруға бөлген адам бір жылдан кейін жинағын 2-3 есе көбейтеді деседі.

10 пайызын жинаққа салып отырыңыз

Қолға ақша түскен бойда 10 пайызын қорға аударып отырыңыз. Шығындарды төлеп тастағаннан кейін емес, оған дейін жасаңыз. Алдымен өзіңізге саласыз, сосын барып қалғандарына бересіз. Мыңдаған адамға қаржы қорын жинауға көмектесетін Роберт Кийосакидің алтын ережелерінің бірі — осы. Егер 10 пайыз тым ауыр болса, онда 2 не 5 пайыз деп өзгертсеңіз болады. Бұл жерде маңыздысы сома емес, «алдымен өзіме беремін» деген ритуалды жасауыңыз.

Айына бір рет ревизия жасаңыз

Қарыз, сабскрайб, инвестиция, міндетті төлемдерді қарастырып, реттейтін бір күн бөліңіз. Мұндай ревизия айына бір жасалғаны жақсы. Былайша айтқанда, қаржылық SPA жасағандай боласыз. Керек емес жазылымдарды алып тастаңыз, мақсаттарыңызды жаңартыңыз, шығындарды қайта қараңыз. Басында қиын болады. Ерінуіңіз мүмкін. Бірақ әдетке айналып кеткеннен кейін рахатын көре бастайсыз. Өйткені ақшаңыз көбейіп, байи түсесіз.

Тобықтай түйін: Қаражатқа көңіл бөлу керек

Жинақ аспаннан салбырап түспейді. Ол үшін әдет қалыптастырып, әр тиынға құрметпен қарау қажет. Кішігірім әдеттердің өзі бекер емес. Уақыт өте келе жемісін бере бастайды. Бір қарағанда сондай қатты күш салмағандай көрінеді. Бірақ нәтижесі көңіл қуантады. Бастысы қадамдар жүйелі жасалсын. Тұрақты қаржы әдеттері түбінде пайда әкеледі.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Z және Альфа ұрпақтың жетістік дегенді қалай түсінетіні туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз