Netflix түсірген Қарлаг туралы фильм Comic Con фестивалінде көрсетіледі

Жарияланды 24 Маусым 2025 11:11

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Comic Con-да Netflix түсірген Қарлаг туралы фильм көрсетіледі / фото: Comic Con Astana

2025 жылы Comic Con Astana фестивалінде Қазақстан мен Испания арасындағы алғашқы халықаралық кинотуынды — «Бітім» (La Tregua) фильмінің тұсаукесері өтеді. Фильм Карлаг тарихына негізделіп, Netflix стриминг платформасы мен жаһандық прокатқа арналып түсірілді.

«Бітім» – ауыр тағдырлы адамдардың ерік-жігері туралы хикая

Фильмнің оқиғасы 1937-1945 жылдары Қазақстан аумағындағы Қарлаг лагерінде өрбиді. Мұнда әлемнің әр түкпірінен айдалып келген тұтқындар болған. Сюжеттің өзегінде – азаматтық соғыс екіге бөлген қос испан азаматы, сондай-ақ адамгершілігі мен қайсарлығын сақтап қалған қазақ зиялысының тағдыры. Туындыда тарихи жады, жеке таңдау және рух мызғымастығы негізгі тақырып ретінде қарастырылады.

Фильм Қазақстанның қиын-қыстау заманда қалай екінші отанға айналғанын көрсетіп, сол кезеңдегі ынтымақ пен жанашырлықтың адамзат үшін үміт тірегіне айналғанын баяндайды.

Танымал режиссер мен жұлдызды актерлер

Фильмді «Бумажный дом» (La Casa de Papel) серияларын түсірген испан режиссері Мигель Анхель Вивас басқарады. Оның шығармашылық қорында «Extinction», «Inside» сияқты халықаралық табысқа жеткен жобалар бар. Актерлік құрамда Netflix-тің танымал жұлдыздары Мигель Эрран («Бумажный дом») және Арон Пипер («Élite») бар.

Қазақстандық актерлер қатарында Дина Тасболатова, Сергей Уфимцев, Алтынай Нөгербек пен Фараби Ақкөзов ойнайды.

Жобаны Испанияның Plano a Plano кинокомпаниясы мен Қазақстанның Amanat Capital компаниясы бірігіп жүзеге асыруда. Испания жағынан жобаға тәжірибелі продюсерлер — Цезарь Бенитес, Эмилио Амаре және Эмилио А. Пина жауапты. Пина бұған дейін 20-дан астам халықаралық жобалар мен «Гойя» сыйлығының ұйымдастырушысы болған.

Қазақстан тарапынан фильмнің бас продюсері – Аманат Конақбаев. Продюсерлер қатарында Даир Қаракеев, Даурен Байғалиев, UMAIFILM өкілдері Жарасхан Құлпиенов пен Әлия Далабаева бар. Қазақстан командасын үйлестіруді белгілі медиаменеджер, продюсер Ерлан Халижанұлы Бекхожин жүргізеді.

Comic Con Astana – 2025: рекордтық фестиваль

Фильмнің тұсаукесері өтетін Comic Con Astana 2025 бес күнге созылады (9–13 шілде) және алғаш рет екі ірі алаңда – «Астана-Арена» мен «Барыс-Аренада» өтеді.

Бұған дейін фестивальдің басты қонағы Голлум рөлі арқылы танылған британ актері Энди Серкис болатынын жазған едік. Серкис сондай-ақ «Маймылдар планетасы», «Бэтмен», «Жұлдыздар соғысы» және Marvel әлеміндегі рөлдерімен әйгілі.

Сондай-ақ оқыңыз