
Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Алматыға Қытайдан 20 мыңнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға көп.
Алматы қаласының Туризм күні биыл 12–15 маусым аралығында Гонконгта өткен 39-шы халықаралық International Travel Expo (ITE) көрмесі аясында аталып өтті. Іс-шара 20-шы MICE Travel Expo көрмесімен біріктіріліп ұйымдастырылып, туризм саласындағы маңызды платформалардың біріне айналды. Бұл туралы Алматы қаласының туризм басқармасы хабарлады.
Көрме барысында Алматы қаласының өкілдері шетелдік туристік компаниялармен және агенттіктермен 100-ден астам келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде 30-ға жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстанға қызығушылық артып келеді
Гонконгтің лицензияланған гиді әрі туристік кеңесінің өкілі Ольга Минакованың айтуынша, Қазақстан – гонконгтықтар мен макаолықтар үшін тартымды бағытқа айналған.
Қазақстанның тұмса табиғаты, ұлттық тағамдары, меймандос халқы мен салт-дәстүрі шетелдіктерді таңғалдыруда. Мұндай шынайы бауырмалдықты өзге елдерден кездестіре алмайсың, – деді ол.
ҚХР Гонконгтағы АӘА және Макаодағы Қазақстан Бас консулының міндетін атқарушы Камиль Бекенов Гонконгтағы көшпелі туризм нарығының әлеуетіне тоқталды.
2025 жылы бұл нарықтың көлемі 860 млн АҚШ долларына жетеді деп күтіліп отыр. Ал 2035 жылға қарай Қазақстан үшін осы нарықтағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану маңызды, – деді Бекенов.
Сұраныстың артуына байланысты Алматы мен Қытай арасындағы тікелей әуе рейстері көбейіп келеді. Бүгінде Алматы – Гуанчжоу рейсі іске қосылған. Биыл Алматы – Шанхай бағыты бойынша жаңа әуе қатынасы ашылады. Сондай-ақ Чэнду және Бейжің бағыттарын кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.
Туристер санының артуына байланысты әуе қатынасы да қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы мәдени, экономикалық және туристік байланысты нығайтуға зор мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласы туризм басқармасының бас маманы Алмас Ақпаев.
Алматы стенді – қонақтарды баурап алды
ITE көрмесіне 64 ел мен аймақтан 500-ден астам туристік ұйым қатысып, 70 мыңнан астам келуші тіркелді. Олардың ішінде 7 600-ден астамы – туризм саласының кәсіби өкілдері.
Алматы қаласының туризм басқармасы ұйымдастырған стенд көрмеге келушілердің ерекше қызығушылығына ие болды. Мұнда қазақтың ұлттық аспабы – домбырамен музыкалық қойылымдар ұсынылды, қолданбалы өнер бойынша шеберлік сағаттары өткізілді, ұлттық киімдер мен гастрономиялық аймақтар таныстырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыға өзге елдерден де туристер көп келе бастағаны туралы жазған едік.