
Тұрсын Алагөзовтің қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлауына Нұрлан Смағұлов шабыт берген. Бұл туралы ол Айсәуле Бақытбектің «Сырласу» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
«Мен мұны жүрек қалауыма байланысты жасадым. Бұл идея өткен жылдың қарашасында келген. Оның алдында жазда Нұрлан Смағұловтың Оралда 280 үй салып, оны су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға бергені жайлы оқыдым. Мен бизнесменмін ғой. Бірден Оралда үй қанша тұрады, инфрақұрылым қанша болады деп есептей бастадым. Сол кезде «бәрекелді Нұрлан» дедім. Оған не түрткі болғанын білмеймін, бірақ ол менің осылай жасауыма (100 пәтер сыйлауыма-ред.) себепкер болды «, – деді Тұрсын Алагөзов.
Осыдан кейін Тұрсын Алагөзов 2025 жылы қызметкерлеріме пәтер сыйлаймын деп өзіне уәде берген.
«Бизнесте үнемі ақша жетпейді. Ананы алу керек, мынаны алу керек, бітпейтін тіршілік. Бірақ кейде тоқтап, жан-жағыңа қарау керек. Мұны не үшін істеп жатырмын, кім үшін істеп жатырмын. Ғимарат, зауыт салып жатырмыз. Бірақ сол кезде үй алуға мүмкіндігі жетпейтін әріптестеріміз туралы да ойлауымыз керек», – деп түсіндірді ол әрекетін.
Алагөзовтің идеясын компанияның басқа топ-менеджменті де қолдаған. Бастапқыда мүлде пәтері жоқ қызметкерлерге сыйлауды шешкен. Кейіннен дәл солардай ұзақ жылдар компанияда жұмыс істеген, уақытын арнаған, дегенмен пәтер алып үлгерген қызметкерлерді де тізімге қоспақшы болады.
Бизнесмен бір ай бойы ешкімді қалай ренжітпейміз деп бас қатырғанын айтады. Ақыр соңында пәтері бар-жоқтығына қарамай, жаппай 15 жылдан көп жұмыс істеген қызметкерлердің барлығына сыйлаған. Олар пәтерлердің кейбірі 45 шаршы метрі, кейбірі 52 шаршы метр.
Алагөзовтің сөзінше, қарапайым қызметкерлер тәрізді ұзақ жылдар жанында жүрген топ-менеджерлер де болған. Бірақ олар «20-30 млн теңге бонус иеленіп, өзіне үшінші-төртінші пәтер сатып ала алатындықтан» тізімге қосылмайды.
Кәсіпкер айтқан Нұрлан Смағұловтың кейсі өткен жылы болған еді. Былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде Смағұловқа тиесілі қор 5,6 млрд теңге бөлді. Ол қаражатқа 264 адамға пәтер сатып алған.
Еске салайық, 26 мамырда GALANZ bottlers компаниясының негізін қалаушы Тұрсынғали Алагөзов 100 қызметкеріне пәтер сыйлады. Оның бұл әрекетін халық ерекше бағалап, желіде жарыса жазды. Алагөзовтің жұбайы Баян Алагөзова күйеуінің дәл ондай реакция болады деп күтпегенін айтады.
Алагөзовтің бизнес-империясы жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады.