«Патруль. Миссия Тамби» — қазақстандық комедияның Ресейге арналған нұсқасы шықты

Жарияланды 26 Маусым 2025 13:00

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Screenshot

Қазақстанда рекордтық табыс жинаған отандық «Патруль» комедия франшизасы енді Ресей нарығына шықты. 26 маусымнан бастап көрермендерге ұсынылған жаңа бөлім «Патруль. Миссия Тамби» деп аталады. Бұл — Ресей аудиториясы үшін арнайы қайта өңделіп жасалған нұсқа. Фильмге ресейлік танымал әзілкеш, шоумен Тамби Масаев арнайы шақыртылып, басты кейіпкерлермен бірге түсірілімге қатысты.

Қазақстандағы нұсқасы — «Патруль. Соңғы бұйрық»

Бұған дейін фильмнің Қазақстанда көрсетілген нұсқасы «Патруль. Соңғы бұйрық» деп аталды. Бұл нұсқада оқиға Абай облысында өрбиді. Ел Президенті өңірге сапармен келмек, ал жергілікті полиция қызметкерлеріне кортежді ұйымдастыру міндеті жүктеледі. Бірақ бөлімде тәртіпке салғырт қарайтын кейіпкерлер жетіп артылады — Серік, Олжас, Медет, Еділ, Бекс, Ілияс.

Қазақстандық көрермен бұл фильмді ерекше ықыласпен қабылдап, туынды бірнеше апта ішінде 1 млрд теңгеден аса табыс жинады.

Шәріп Серіксіз жаңа нұсқа

Айта кету керек, фильмнің алғашқы нұсқасында басты рөлдердің бірін сомдаған Шәріп Серік кейінгі нұсқадан алынып тасталды. Бұған себеп — актердің жеке өмірінде орын алған жанжал. 4 сәуір күні әлеуметтік желілерде оның сүйіктісіне қол көтерген сәті түсірілген видео тарады. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, Шәріп Серік 5 тәулікке қамауға алынды. Осыдан кейін Salem Entertainment компаниясы онымен серіктестікті тоқтатып, фильмнің жаңа монтаждалған нұсқасын ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз