«Құлдырау болмайды»: Қаржы министрі жаңа Салық кодексіне қатысты сынға жауап берді

Жарияланды 27 Маусым 2025 14:34

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Мәди Такиев түсіндіру жұмысы жүргізілетіні айтты / Фото: Асқар Ахметуллин

Қаржы министрі Мәди Такиев қазақстандықтарды жаңа Салық кодексі бойынша алаңдамауға шақырып, құжат әрбір салық төлеушіге егжей-тегжейлі түсіндіріледі деп уәде берді.

Такиевтің айтуынша, жаңа Салық кодексінің жобасы қазіргі уақытта Мемлекет басшысының қарауында жатыр. Қол қойылған соң, Қаржы министрлігі ақпараттық жүйелерді бейімдеуге кіріспек. Бұл жұмысқа шамамен екі ай қажет.

«Кодекс қабылданған соң, біз еліміздегі екі миллионға жуық жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаға жаңа талаптарды түсіндіреміз. Арнайы жұмыс топтары құрылып, өңірлерге шығады. Әрбір салық төлеушіге түсінікті болатындай ақпарат беріледі», — деді министр.

Министр қоғамда туындаған алаңдаушылықтарға да пікір білдірді. Айта кетейік, жаңа Салық кодексіне қатысты шағын және орта бизнес (ШОБ) тарапынан айтылған сын көп.

«Мен бұл сындарды естіп жүрмін. Бірақ «экономикалық күйреу болады» дегенмен келіспеймін. Иә, кейбір түсініспеушіліктер бар. Бірақ бұл – шешілетін мәселе», – деді Мәди Такиев.

25 маусымда Мәжіліс Сенаттың жаңа Салық кодексіне енгізген түзетулерді мақұлдап, құжат Президенттің қол қоюына жолданған. Бұған дейін экономист Максим Барышев Президентке ашық хат жолдап, құжат ШОБ үшін банкротқа алып келуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз