
27 маусым күні Netflix платформасында әлемдік феноменге айналған оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» сериалінің үшінші маусымы жарық көрді. 2021 жылы алғаш рет шыққаннан бастап сериал әлеуметтік теңсіздік, адамгершілік пен өмірдің құны сынды күрделі тақырыптарды көтеріп, жаһандық мәдениеттің бір бөлшегіне айналды.
Ескерту: Бұл материалда «Кальмар ойыны» сериалындағы 3-маусым финалына қатысты СПОЙЛЕРЛЕР бар
Сюжетке қысқаша шолу
«Кальмар ойыны» – үмітсіздікке ұшыраған адамдардың өмір үшін күресін бейнелейтін, балалық шақтағы ойындарды қатыгез сынақтарға айналдырған әлеуметтік эксперимент. Бұл маусымда сериал соңғы шегіне жетіп, бұрынғыдан да терең философиялық әрі эмоционалды сипат алды.
Ки-хунның тағдыры
Сериалдың басты кейіпкері Ки-хун соңғы ойынға қатысып, өз өмірін құрбан ету арқылы Джун-хи есімді қаза тапқан қатысушының жаңа туған сәбиін аман алып қалуға шешім қабылдайды. Ки-хун VIP-қонақтарға және көрермендерге арнап айтқан соңғы сөздерінде:
«Біз – адамдармыз, бәс тігуге арналған ат емеспіз», – деп соңғы сөзін айтты.
Жүргізуші – Ин-хоның тәубеге келуі
Ойындардың жүргізушісі Ин-хо бастапқыда жүйеге қызмет етуші қатігез кейіпкер болып көрінгенімен, 3-маусымда оның ішінде адамгершілік отының әлі өшпегені байқалады. Финалда Ки-хунның қызына барып, әкесінің заттары мен ақшасын тапсырады. Бұл әрекет – Ин-хоның жан азабын жеңілдетуге талпынысы.

Бұрынғы детектив Джун-хо – Ин-хоның інісі ойындардың орнын тауып, оларды әшкерелеуге тырысады. Алайда ұйымдастырушылар барлығын тастап кетіп, аралды өздігінен жою тетігін іске қосады. Джун-хо соңында ойыннан аман қалған сәбиді қамқорлығына алып, баланы қатыгез әлемнен құтқару арқылы үміт шырағын жағуға тырысады.
Америкалық жалғасы бола ма?
Финалда оқиға Лос-Анджелеске ауысады. Мұнда Ин-хо дәстүрлі ддакчи ойынын ойнап жатқан Кейт Бланшетт кейіпкерін көреді. Бұл көрініс – жүйенің енді жаһандық деңгейге шығып, ойындардың Америкада да басталатынын білдіреді. Бұл Netflix-тің Дэвид Финчер басқаратын спин-офф жобасына жол ашуы мүмкін.

Соңғы эпизодтың атауы – «Адам деген…» деген сөйлеммен аяқталады. Ки-хун бұл сөзді өлер алдында айтып, көрерменге ой тастайды. Автор Хван Дон-хёк сериал арқылы былай дейді:
«Адамдар – әлсіз, ашкөз, кекшіл. Бірақ олар өзгені қорғап, үмітті сақтап қала алатын жан иелері».
Сәбидің аман қалуы – жүйенің қатыгездігіне қарамастан, үміттің, кінәсіздіктің және адамгершіліктің жеңісін білдіреді.