
Ақын Төреәлі Төлепов ұлы Төреғали Төрәліге әлеуметтік желіде үндеу жолдағандай жазба жариялап, әнші баласын өнерге оралуға шақырды.
Өнерлі әке тілегін өлең жолдары арқылы жеткізген. Оның мән-мағынасына қарағанда ұлының әншілікті доғалғалы жатқанын жаңалықтан естігенге ұқсайды.
«Жаңалықты оқып ап, не дерімді?
Сенбесімді білмедім сенерімді.
Бірдеңені тоқтатам деп қойыпсың
Көп жастар алар еді сенен үлгі.
Ақылыңды тоқтатсаң жарар ұлым
Мен саған беріп келем берерімді.
Алла берген тоқтатпа өлеңіңді
Алла берген тоқтатпа өнеріңді!!!», – делінген әкенің балаға жолдаған үндеуінде.
Бұған дейін, әнші Төреғали Төреәлі өзінің Instagram парақшасында әншілік мансабына нүкте қойғанын меңзейтін жазба жариялаған. Ол қара фонда жазылған қысқа ғана мәтінде «…Болды. Мен бәрін тоқтаттым. Сахна. Камера. Ән. Жарық. Келесі қадам — үнсіз» деген болатын.
Оның алдында әнші денсаулығына байланысты бірнеше концертін кейінге қалдырған. Алматы, Астана, Шымкент және Тараз қалаларында өтеді деп жоспарланған жеке кештері белгісіз мерзімге шегерілгені хабарланған. Содан кейін сахнадан да, әлеуметтік желіден де көрінбей кетті. Тіпті өнер әлемінің жарымына жуығын жинаған Сәкен Майғазиевтің тойында да көрінбеген.