
Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының төртінші күні Қазақстан құрамасы үшін аса табысты болды. Спортшыларымыз 6 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленіп, құрлық додасында тағы да ел мерейін үстем етті.
Барлық жүлде 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ерлер арасында сарапқа салынды.
Жасөспірімдер (U17) арасында Нұржан Жұмабай топ жарды
17 жасқа дейінгі атлеттер арасында өнер көрсеткен Нұржан Жұмабай үш бірдей нәтижемен көзге түсті. Жұлып көтеруде 140 келіні, серпе көтеруде 175 келіні еңсеріп, қоссайыс нәтижесі бойынша 315 келіні бағындырды. Бұл көрсеткішпен алтын медаль алып қана қоймай, серпе көтеруден Азия рекордын жаңартты.
Едіге Емберді Азияның жаңа рекордсмені атанды
U20 санатындағы додада Едіге Емберді ешкімге дес бермей, алтын медаль жеңіп алды. Жұлып көтеруде 153 келіні бағындырса, серпе көтеруде 194 келі нәтижесімен Азия рекордын жаңартты. Қоссайыс қорытындысы – 347 келі – тағы бір құрлықтық рекордқа айналды.
Сол салмақта бақ сынаған Ақжол Құрманбек те ел намысын лайықты қорғап, күміс жүлдені иеленді. Ол жұлқа көтеруде 151 келіні, серпе көтеруде 192 келіні еңсеріп, жалпы есепте 343 келі нәтижемен екінші орынға жайғасты. Бұған қоса, Ақжол жұлқа көтеруден қола, серпе көтеруден күміс медаль иеленді.
Еске сала кетейік, бұған дейін ауыр атлетикадан олимпиада жүлдегері болған Жазира Жапарқұл кәсіп ашамын деп, қарызға батқаны туралы жазған едік.