
Қазақстанның ерлер семсерлесу командасы отандық спорт тарихында алғаш рет Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұл тарихи жетістік соңғы 12 айдағы ірі жеңістердің нәтижесі. Команда 2026/27 маусымын Марокконың Касабланка қаласындағы Әлем кубогы кезеңінде алтын медальмен бастап, көш басына шықты.
2025 жылдың қарашасынан бері шпагашылар қатарынан төрт ірі турнирде топ жарды: Эр-Риядтағы Ислам ынтымақтастығы ойындарында, маусымда Нью-Делидегі Азия чемпионатында, шілдеде Гонконгтағы әлем чемпионатында және қыркүйекте Аичи-Нагоядағы Азия ойындарында.
Бұған дейін ерлер командалық шпагада Франция, Италия, Венгрия және Швейцария секілді дәстүрлі державалар көш бастап келсе, Азиядан тек Жапония мен Оңтүстік Корея ғана әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген еді. Енді бұл элитаға Қазақстан да қосылды.
Касабланкаға үшінші орынмен келген Қазақстан құрамасы алтынның арқасында Швейцария мен Францияны басып озды. Мароккода команда жаңарған құрамда – Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов өнер көрсетті. Олардың басым бөлігі – отандық семсерлесудің жаңа буыны. Тіпті екі әлем чемпионы болмаса да, қазақстандықтар ерлер командалық шпагадан 23 дүркін әлем чемпионы Францияны жеңе алды.