Сөзін әр қазақ білетін: Исраил Сапарбайдың өлеңдеріне жазылған танымал әндер

Жарияланды 18 Шілде 2025 16:13

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Исраил Сапарбай өлеңдеріне жазылған танымал әндер / фото: ашық дереккөз

18 шілде күні қазақтың белгілі ақыны, драматург, халыққа кеңінен танымал лирикалық ән мәтіндерінің авторы Исраил Сапарбай дүниеден озды. Kursiv Life Style ақынның шығармашылық мұрасын еске алып, оның өлеңдеріне жазылған танымал әндерге шолу жасады.

Халық арасында кең таралған көптеген әндердің сөзін Исраил Сапарбай жазғанын екінің бірі біле бермейді. Ақынның шынайы махаббат, сағыныш пен сырға толы жырлары еліміздің ең сүйікті әндерінің сөзіне айналды. Солардың қатарында:

«Махаббат мәңгі ертегі», «Егіз лебіз», «Сағындым сені», «Қазақ қызы», «Бір тамшы көздің жасындай», «Қоштасудың қиыны-ай», «Сен болмасаң», «Сағыныш сазы», «Алақанымнан ұшқан аққуым» сияқты әндер бар.

Ақын 70-ке жуық ән мен 150-ге тарта ән мәтінінің авторы. Сонымен қатар, оның «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сығай серенадасы», «Махаббат мейрамы» атты пьесалары да түрлі театр сахналарында қойылып келеді.

«Сағындым сені»: жүректен шыққан сыр

Бұл әннің әуені ақын әрі әнші Роза Әлқожа мектеп қабырғасында жүргенде жазған туындысы болатын. Әннің тағдыры Исраил Сапарбаймен ұштасып, кейін марқұм Ажар Түзелбекқызы оны орындап, халық арасына кеңінен таратты.

Бұл ән көпке беймәлім сырды арқалаған. Ән Ажар Түзелбекқызының ақын, айтыскер, өмірден ерте кеткен жары Оразалы Досбосыновқа арналған. Жан дүниенің жанайқайы мен тұңғиық сағынышты жеткізетін бұл ән өз орындаушысын тапқандай. Қара өлеңнің қадірін білген жұрт Ажардың орындауындағы осы ән арқылы шын сағынышты, ішкі жан күйзелісін сезінді. Қазіргі таңда ән қазақ пен қырғыз арасында да кеңінен таралып, түрлі орындаушылардың репертуарынан түспей келеді.

«Сағыныш сазы»: Ыстықкөлде туған ән

Исраил Сапарбайдың композитор ретінде де өзіндік қолтаңбасы бар. «Сағыныш сазы» атты әні ақынның жүрегінен туған шынайы сағыныштың, махаббаттың көрінісі. Сексенінші жылдардың басында ол бір тойда танысқан инабатты аруға алғаш рет ғашық болып, Ыстықкөлдің жағасында сол сезімінен шабыт алып, бұл әнді дүниеге әкеледі.

«Қалтамнан қағаз-қаламымды шығарып, бір шумақ өлең мен қайырмасын жаздым. Тыныштық. Көл. Таңғы сәуле. Жүректе — сағыныш. Ән мен сөз қатар келіп, өзінен өзі төгіліп түсті» – деген ақын бір естелігінде.

Бұл әннің қайырмасындағы «Ғашығым менің, Асылым менің» деген жолдар бастапқыда нақты адамның есімімен жазылған. Алайда, әннің кейіпкері болған бойжеткен өтініш жасап, бұл жолдар өзгертілді.

«Сол кезде бекер-ақ өзгерттірген екенмін. Ең болмаса, атым әнде жүретін еді», – деп кейінірек кейіпкердің өзі өкініш білдірген екен.

«Сағыныш сазы» алғашында ақынның өзі орындап жүріп, кейін Сәкен Қалымов пен Бақыт Шадаева, кейіннен Сәкен Майғазиев пен Алтынай Жорабаева жаңаша әрлеу жасап, жаңа буын тыңдарманға ұсынды.

Исраил Сапарбайдың өнері халық жадында мәңгілік қалатын әндермен бірге ақынның өзі де қазақ руханиятының алтын қорында қала бермек.

Бұған дейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Исраил Сапарбайдың ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалап, жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз