Ұлттық валюта бірден 4 теңгеге нығайды

Жарияланды 21 Шілде 2025 16:55

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
валюта бағамы
коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Дүйсенбі, 21 шілдеде ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы бірден 4 теңгеге нығайды. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, қазір 1 доллар 529,59 теңге тұрады.

Ұлттық валюта Қазақстан үкіметінің инфляциямен күрес мәселесін үлкен жиналыста талқылаған күні күшейіп отыр.

«Инфляцияны төмендету міндеті өте маңызды және кешенді көзқарасты қажет етеді. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп қабылданған шараларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек», — деп мәлімдеген премьер-министр Олжас Бектенов.

Оның үстіне, әлем нарығында АҚШ долларының индексі қайта төмендеп жатыр.

Валюта айырбастау мекемелерінде де доллар бағасы әжептәуір түсті. Алматы қаласындағы пункттерде 1 доллар 530 теңгеден қабылданып, 531,5 теңгеден сатылып жатыр. Астанада, әдеттегідей, доллар сәл қымбатырақ – 527 және 534 теңге.

Криптовалюта нарығы

Шілденің ортасындағы раллиден кейін Bitcoin (BTC) бағамы біршама тұрақтанды. 21 шілдеде BTC шамамен 118,4 мың доллардан саудаланып жатыр.

Биткоин капиталы да – 2 трлн 356 млрд 167 млн доллар.

Есесіне Эфириум қатты көтеріліп келеді. Ethereum (ETH) осыдан төрт жыл бұрынғы рекорд межеге қарай өрледі. 2021 жылы оның бағасы 4 634 долларға дейін көтерілген еді. Қазір ETH шамамен 3 814 доллар тұрады. Эфириум капиталы – 460 млрд 410 млн доллардан асты. Оның қарықтағы құны санаулы күнде шамамен 120 млрд долларға өсті.

Binance Coin (BNB) токені де бір тәулікте 2,71%-ға күшейді. Ол қазір шамамен 769 доллар тұрады. BNB-дің нарықтағы құны – шамамен 107 млрд 186 млн доллар.

Сондай-ақ оқыңыз