АҚШ-тың 25% баж салығын салуына қатысты Сауда министрлігі түсініктеме берді

Жарияланды 1 Тамыз 2025 18:37

(жаңартылды 2 Тамыз 2025 15:55)
Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Трамп тауарларға баж салығын салды/фото: Ivan Alvarado

Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың қосымша тарифтерін енгізуіне қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан АҚШ тарапынан қосымша тарифтер енгізу мәселесіне байланысты келіссөздерді жалғастырып жатыр.

«Осы үдеріс аясында биыл маусым айында Сауда министрлігі өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ Президенті Д. Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген», – делінген ақпаратта.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық қатынастар бойынша кеңейтілген екіжақты диалог аясында ұсынылған бастамаларды жан-жақты қарастырып отыр.

«Қазақстан тарапы сындарлы ынтымақтастыққа бейіл екенін растайды. Қарсы тарап та келіссөздерді жалғастыруға ашық. Бұл өз кезегінде өзара тиімді әрі екі елдің мүдделеріне сай келетін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін енгізілген тариф шаралары АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына ғана әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалатыны хабарланды. Қазір Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі жаңа тарифтік реттеуге жатпайды және шектеусіз экспортталып жатыр.

Жаңа тарифтердің ықпалы сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты сынды тауарларға тиеді.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 31 шілдеде жаңа жарлыққа қол қойып, бірқатар елдерден келетін тауарларға қосымша баж салығын енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз