
1 тамыз күні Астанада өткен Дженнифер Лопестің алғашқы концерті ел астанасына сән мен шоудың шырайын келтірсе, әлеуметтік желіде киім тақырыбы қызу талқыға түсті. Астана қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Самидин америкалық әншінің киім үлгісін сынға алып, оны жергілікті көзқарасқа сай келмейді деп есептейді.
Мәслихатының депутатының айтуынша 16 жастағы қызы концертті көріп, Лопестің Біріккен Араб Әмірліктерінде жабық киіммен өнер көрсеткенін еске салған.
«Біз Эмират емеспіз, әрине, өзіміздің ерекшелігіміз бар. Бірақ бізде де ұлттық көзқарас бар, соған қарай кей образдарды бейімдеуге болар еді», – деді депутат.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары депутаттың бұл мәлімдемесін бірауыздан қолдай қоймады. Көпшілік оның назарын шоу-бизнеске емес, ел ішіндегі маңызды мәселелерге бағыттауды сұрады.
Интернет қолданушылары Самидинді әйелдердің құқықтары, алаяқтық, жемқорлық және инфрақұрылым мәселелері сияқты нақты проблемаларға назар аударуға шақырды.
«2023 жылдан бері мәслихат төрайымысыз. Салық төлеушілердің ақшасына қаржыландырылатын уақытыңызды елге қажетті мәселелерге арнасаңыз», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір қолданушы:
«JLO-ның киімін талдағанша, оның концерті арқылы бюджетке әкелген табысын бағалайық», – деп жауап берді.
Айта кетейік, Дженнифер Лопестің Қазақстандағы алғашқы концерті 1 тамыз күні «Астана Аренада» өтті. Әнші өзінің танымал хиттерімен бірге би, арнайы эффектілер және шоу-бағдарламалармен көрерменге әсерлі кеш сыйлады. Енді Джей Ло 10 тамыз күні Алматыда өнер көрсетеді.