Алматыда Абайдың 180 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Жарияланды 10 Тамыз 2025 12:07

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Алматыда Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды / фото: Алматы әкімдігі

Бүгін, 10 тамыз, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Әкім алматылықтарды және қала қонақтарын мерейтоймен құттықтап, Абай мұрасының мән-маңызына тоқталды.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, Абайдың шығармалары – даналықтың, адамгершіліктің және Отанға деген сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнары.

«Бұл күн тек еске алу ғана емес, оның мол рухани мұрасынан тағылым алып, ұрпақ санасына сіңірудің сәті. Абайдың асыл сөздері бізді елдікке, әділдікке, білім мен өнерге ұмтылуға шақырады», – деді қала басшысы.

Іс-шараға қазақ өнері мен ғылымының көрнекті өкілдері – КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, академик Асқар Жұмаділдаев, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Аягүл Миразова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, жазушы, драматург Смағұл Елубай қатысты.

фото: Алматы әкімдігі

Салтанатты рәсімнен кейін Абай алаңында белгілі өнерпаздардың қатысуымен «Алаштың Абайы» атты үлкен музыкалық-драмалық концерт өтті.

Абайдың 180 жылдығына орай Алматыда 100-ден астам мәдени және қоғамдық іс-шара – театр қойылымдары, поэзия кештері, әдеби сағаттар, көрмелер, концерттер мен жастармен кездесулер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар спорттық, қайырымдылық және ағартушылық акциялар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ оқыңыз