Қазақстан қандай танымал адамдардың иығына шапан жапты?

Жарияланды 10 Тамыз 2025 15:39

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақ халқының мәдени кодының маңызды бөлігі – қонақжайлық дегенді жиі айтамыз. «Қазақ осы – ашық-жарқын қабағы, қонақ келсе шабылып бір қалады. Қара да тұр, саған да ол кетерде ат мінгізіп, жібек шапан жабады» деп ән салатынымыз да бекер емес. Мұндай дәстүрді қазақ жұрты әлем жұлдыздарына һәм танымал адамдарға жиі көрсетеді. Kursiv.Media тілшісі иығына шапан жабылған жұлдыздардың топтамасын дайындады.

Димаш Құдайбергенді қазақ мәдениетінің елшісі десек болады

Димаш Құдайберген қазақты әлемге ән арқылы танытып қана қоймай, жүрген жерінде әлем жұлдыздарына шапан жауып жүреді. Мысалы, 2019 жылы ол «Вечерний Ургант» бағдарламасына қонаққа барған еді. Сол кезде жүргізуші Иван Ургантқа: «Бізде құрметтейтін адамына шапан жабатын дәстүр бар. Сол сәтті пайдаланып, сізге шапан сыйлағым келіп тұр» деген еді. Қазақтың ұлттың киімін киген Ургант әзілдеп, «Мұндай дүние менде және Николас Кейджде ғана бар» деген. Неге Николасты айтқанын алда тарқата жатармыз. Димаштың атақты адамдарға шапан жапқан тағы бір сәті белгілі актер Джеки Чанмен кездескен кезінде болған. Ол Джеки Чанға ұлттық киіміміз бен аспабымыз – домбыра сыйлап, құрмет көрсеткен еді.

Николас Кейдж: мемге айналған атақты сурет

Голливуд актері Николас Кейдж 2017 жылы «Еуразия» кинофестиваліне келген. Атақты актердің сол келгені көпшіліктің есінде. Әсіресе, шапан киіп тұрған суреті демде желіде таралып, мемге айналып кеткен. Кейдждің таңғалған түріне түрлі әзіл-қалжың айтылған. Біреулер «Иван Васильевич меняет профессию» фильміндегі кейіпкерге ұқсатса, енді бірі суперқаһармандардың постеріне қосып қойып жатты. Билерге ұқсайды деп елу теңгеге бейнелеп жатқандар да болды. Не де болса, Николастың сол келгендегі шапан киген сәті күні бүгінге дейін «хит». Қазақтың шапаны туралы айтылса, осы оқиға қатар еске түседі. 

Пласидо Доминго да Кейджден кем түскен жоқ

Ұлы тенор Пласидо Доминго да Астанаға келгенінде шапан киіп көргендердің қатарында. «Жергілікті дәстүрге деген құрмет. Қазақстан — ғажап ел!» деп жазған еді ол парақшасында шапан киген суретін қоса салып. Естеріңізге сала кетсек, артист «Астана Опера» сахнасында «Травиата» партиясын орындаған еді. 2017 жылы өткен ЭКСПО көрмесіне тұспа-тұс келіп қалып, Доминго бүкіл отбасына қазақы киім кигізіп қойғаны есімізде.

Шапан киген Криштиану Роналду

2018 жылы Роналдуға біздің мұнай компанияларының бірі қазақша шапан жапқан еді. Николастікі секілді мемге айналмаса да, шапан киген Кришке көпшілік риза болған.

Black Eyed Peas: хип-хоп орындаушылар да шапан киіп көрген

Қазақстанға келген іс-сапар барысында танымал хип-хоп орындаушылар — Black Eyed Peas тобының мүшелері, атап айтқанда Will.I.Am мен Fergie қазақтың ұлттық киімін киіп көрген еді. Басқасы-басқа, рэп орындайтын әншілердің мұндай стильде киінгеніне көпшілік таңғалған. «Шығыс стиліндегі хип-хоп әдемі үйлесе кетті» деп тамсанып жатты көрермен.

PSY: қазақша Gangnam Style

Оңтүстіккорялық поп-иконалардың бірі PSY да шапан киіп көргендердің қатарында. Концерт беруге келген оның иығына қазақы шапанды танымал спортшы Илья Ильин жапты. Сол күнгі кештен соң ауыр атлет жұлдызбен селфи салған еді.

Чемпиондар киген шапан: Майк Тайсон мен Рой Джонс та тысқары қалған жоқ

Аты аңызға айналған боксшы Майк Тайсонға да кезінде шапан сыйға тартылған. Оның сол киіммен түскен суретін көргендер «Рингтегі түрінен де қаһарлы көрінеді екен» деп жазып жатты. Одан бөлек, Рой Джонс да спорттық іс-шараға келген сапарында дәстүрге айналған шапанды сыйға алған.

Тимати: шапанды жиі киетін әнші

Ресейлік рэпер Тимати жиі шапан киіп өнер көрсетеді. Мысалы 2011 жылы Шымкентте концерт берген оған фанаттарын әдемі шапан сыйлаған еді. Ал 2016 жылы келгенде Тимати құрмет белгісі ретінде тудың суреті мен «Қазақстан» деген жазуы бар күртегемен ән салған. Жалпы желіде Тиматидің шапан киген сәтін көп көруге болады. Әншіге осы стиль ұнайтын сияқты.

Франсуа Олланд: шапанды президенттер де киген

Францияның экс-президенті Франсуа Олландқа Қазақстанға іс-сапармен келген кезінде шапан жабылып, тақия сыйға берілген еді. Ол сурет те желідегілердің есінде болса керек. Жалпы алғанда шенеуніктерге шапан беретін дәстүр бізде бар. Дегенмен «басқаларға бергенімен не керек, өзіміз кимесек» деген сын да жиі айтылады.

Венсан Кассельдің иығына жабылған шапан

Актер Венсан Кассель да шапан кигендердің қатарында. «Еуразия» фестиваліне келген кезде Кассельге сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сыйлаған. Ол суретте сонымен қатар, атақты скрипкашы Айман Мұсаходжаева да бар.

Джек Ма: миллиардер киген шапан

Alibaba Group негізін қалаушы, әлемнің ең бай адамдарының бірі Джек Ма Астанаға келіп, e-commerce туралы іс-шараға қатысқан еді. Кездесуден кейін кәсіпкерге құрмет ретінде шапан сыйға берілген.

Джимми Чу: дизайнерлер де ұлттық киімімізді киіп көрген

Ең танымал аяқ-киім шығаратын дизайнерлердің бірі саналатын Джимми Чуға Динара Сәтжан Куала-Лумпурдағы сән көрсетілімі кезінде шапан сыйлаған еді. Динара дизайнердің шапанды қуана-қуана киіп көргенін, Лондонда жұмысқа киіп баратынын сүйіншілеп жазған еді. 

Джейсон Деруло

Алматыға келгенде әнші Джейсон Дерулоға ұлттық шапанымыз бен дәміміз ұсынылған еді. Неше түрлі елде өнер көрсетіп жүрген әнші бұл сыйды қуана қабылдады.

Дженнифер Лопес: қамзол киген J.Lo

Күні кеше Астанада концерт берген Дженнифер Лопеске қазақтың ұлттық киімі — қамзол сыйға берілді. Суретті көрген жұртшылық «Қазақтың шапанын Джей Ло киіп суретке түседі деп кім ойлаған?» деп жазып жатты.

Бұған дейін Қазақстанда концерт берген не жабық кештерге қатысқан әлем жұлдыздарына шолу жасаған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз