
Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайбергеннің үйлену тойына арналған ерекше бейнебаян жарық көрді. 13 минуттық бұл туынды жай ғана Love Story емес, нағыз көркемдік мазмұны бай, қазақы рух пен эстетикаға толы шағын фильм ретінде шықты.
Сюжет бойынша, батырлардың кейпінде түсірілген бейнебаянда Димаш Ермаханды (күйеу баласын) «тұтқынға» алады. Алайда түнде қарындасы Раушан жігітті аяп, босатып жібереді. Таң ата бере Димаштың ауылына жау шабуыл жасап, ойран салады. Сол сәтте Ермахан қайта оралып, Раушанды құтқарып қалады.
Әр сәті қазақтың дәстүрлі киімдерімен, қылыш пен ер-тоқымның, ұлттық ою-өрнектің көріністерімен көмкерілген бұл бейнебаян көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Көріністердің драматургиясы мен атмосферасы тойға арналған видеоны нағыз кино деңгейіне жеткізген.
Әлеуметтік желі қолданушылары бейнебаянды жылы қабылдап, ерекше бағасын беруде.
Бейнебаян Димаш Құдайбергеннің ресми YouTube арнасында жарияланды.
Түсірілімге Ермахан Аймахан, Раушан Құдайберген, Димаш Құдайберген, Мансұр Құдайберген, Әлішер Исмаилов, Сүйінбай Сағынбай, Мәдениет Есенгелдиев, Жеңісбек Әмірбек, Уәлихан Аймахан, Әлі Марат және Орал Кемеңгер қатысқан.
Айта кетейік, Раушан Құдайберген 8 тамызда актер Ермахан Аймаханға тұрмысқа шықты. Шымкент қаласында тойдын қалай өткені туралы жазған едік.