
Біріккен Араб Әмірліктерінде, әсіресе Дубайда жүрілген және соғылған көліктерді аукцион арқылы сату тиімді бизнеске айналған. Шетелден арзан бағамен елге көлік алып келуге көмек көрсетіп жүрген кәсіпкер, әрі автосарапшы Жасұлан Оспанов арабтар шетелдіктерге аукцион тәсілімен көлікті қалай сататын және бұл сауда жүйесінің ұтымды тұстары жайлы айтып берді.
Премиум көліктер неге арзан сатылады
Жасұлан Оспановтың айтуынша, мұндай тәсіл арқылы нарықтағы бағадан кем дегенде екі есе арзан көлік алуға болады.
«Мысалы, хабарландыруда көлік бағасы 70-80 мың доллар деп тұрса, оны аукционнан 20-30 мың долларға сатып алуға мүмкіндік бар. Әрі қарай қажетті бөлшектерін алып, бояу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізесіз. Бұл жұмыстарға орта есеппен тағы 30-40 мың доллар кетеді. Соның өзінде бастапқы бағасынан әлдеқайда арзанға шығады», – дейді ол.
Аукцион кімге тиімді
Дамыған мемлекеттерде, соның ішінде АҚШ пен БАӘ-де сақтандыру жүйесі өте жақсы дамыған. Егер көлік апатқа түссе, иесі толық сақтандырудың арқасында жаңа көлік немесе толық ақшасын қайтара алады. Ал соғылған немесе зақымданған көліктер сақтандыру компаниясының меншігіне өтеді де, оларды аукционға шығарады. Кейде небәрі 100 шақырым ғана жүрген, бағасы 70 мың долларлық жаңа көліктер де осылай сатылымға түседі.
«Аукцион алаңы біздегі автонарық сияқты. Онда бір мезетте ондаған аукцион өтеді, ал маңайында 400-ден астам автодүкен бар. Алдымен көлікті таңдап, оның ақауларын тексересіз. Содан соң дәл сол жерде қажетті бөлшектердің бағасын есептеп аласыз. Егер бәрі көңілден шықса, кешкі аукционға қатысып, өзіңіз белгілеген бағада көлікті ала аласыз. Одан кейін бірден сол жерде жөндетіп алуға болады. Яғни бәрі бір жерде ұйымдастырылған», – дейді Жасұлан Оспанов.
Оның айтуынша, бұл әдіс дұрыс есеп-қисаппен жүргізілсе, Қазақстанға сапалы әрі қолжетімді көліктер жеткізудің ең тиімді жолдарының бірі.
Қытай көлігі сұранысты төмендетті
Zhassulan Ospanov 2022-2023 жылдары БАӘ-дегі көлік аукциондарының негізгі сатып алушылары қазақстандықтар, ресейліктер және қырғыздар болғанын айтады.
«Сол жылдары аукцион нарығының 70-80 пайызын аталған елдердің азаматтары құрады. Бірақ 2024 жылдың басында жағдай күрт өзгерді. Қытай нарығы ашылып, Біріккен Араб Әмірліктеріне көлік әкелетін басқа елдерге де бәсекелес болды. Қытайда карантин уақыты кеш аяқталды, артынша қазақтарға визасыз режим енгізілді. Сол кезде Қытай көліктері жаппай нарықты жаулай бастады«, – дейді Жасұлан Оспанов.
Бұл өзгеріс Дубайдағы аукциондардағы сұранысқа да әсер еткен. Көліктерді негізінен Қазақстан мен көршілес елдер сатып алып келгендіктен, Қытай тарапынан ұсыныстың көбеюі мен бағаның төмендігі сатып алушылардың бір бөлігін өзіне тартып әкеткен.
Еске салсақ осыған дейін Қырғызстан, БАӘ және Грузия аукциондарынан көлік сатып алудың артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы жазған едік.