«Салықшылар әрекеті заңсыз»: Әлішер Елікбаев сотта жеңді

Жарияланды 15 Тамыз 2025 09:27

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Фото: Әлішер Елікбаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Әлішер Елікбаевтың жеке мұрағатынан

Блогер Әлішер Елікбаев жарты жылға созылған сотта салықшыларды жеңгенін Facebook-тегі парағына жазды. Сот мемлекеттік кірістер комитетінің 5 млн теңге көлеміндегі талабы негізсіз деп шешті.

Елікбаев салықшыларға қарсы

Блогердің айтуынша, жаңа Салық кодексі қабылданар қарсаңында, 2025 жылғы 14 ақпанда, елдегі бірнеше жүз блогер салықтан жалтарғаны туралы ескерту хат алған.

«Әріптестерімнің бірқатары миллиардтаған теңге табыс тапты деп шешті. Ондаған инфлюенсер жүздеген миллионды жасырған болып шықты. Көбісіне 20-100 млн теңге аралығы деп көрсетілген. Маған екі жылда бар болғаны бес млн теңге қарызсың деп есептепті. Бұл тізімде басты аутсайдер атандым», – дейді блогер.

Соған қарамастан, Елікбаев салықшылар талабын орынсыз деп санап, сотқа жүгінген. Іс жарты жылға созылған.

«Әріптестерімнің көбі келісуге кетті. Енді қайталамайтынын айтып, ант берді. Тағы біреулері саудаласып, талап көлемін азайтты. Бізге кінәні мойындап, аз мөлшерін болса да төлеу керектігін айтты. Әйтпесе қиын болатынын ескертті«, – дейді ол.

«Бізді ешкім тыңдағысы келмеді»

Елікбаев мемлекеттік қызметте істейтін туыстары қазынаға бір тиын болса да төлеу керек деп айтқанын жазды. Бірақ ол бұл тізімге қалай тап болғанын түсінбеген, салықшыларға адал екенін дәлелдегісі келген.

«Біздің уәжімізді мемлекеттік кірістер комитетінің барлық деңгейдегі өкілі тыңдағысы келмеді. Жүрексіз шенеуніктер «Ештеңе білмейміз, төлеңдер де кешірім сұраңдар!» деумен болды», – деп жазды Елікбаев.

Содан кейін ғана блогер сотқа жүгінуге бел буған. Соңғы шешімге дейін жеңіп шығатынына күмәнмен қараған. Алайда сот Елікбаевтың жағына шыққан.

«Салықшылар әрекеті заңсыз деп танылды. Толық көлемде салық тексеруін жүргізуге рұқсат берілмеді. Менің ақ екенімді дәлелдеу үшін жарты жыл уақыт жұмсалды», – деп түйіндеді блогер.

Бұған дейін Kursiv.Media салықшылардан ескерту алған жүздеген блогер 256 млрд теңгені қазынаға төлегенін жазған.

Жыл басында Елікбаев елдегі 8 мың блогер салық төлемегені үшін ескерту «хат» алып жатқанын жазған. Артынша кірістер комитеті блогерлердің салық төлемегенін қалай анықтағанын түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз