
Қытай көліктерінің ғұмыры ұзаққа бармайды, оларды бір реттік өнім ретінде қарастыруға болады. Мұндай пікірді автосарапшы Жасұлан Оспанов айтты.
Оның айтуынша, Қытайдан келген арзан көліктер елдегі көлік бағасының едәуір құлауына себеп болды. Әсіресе эконом санттағы маркалардың құны күрт төмендеп кеткенін алға тартады.
«Қытай деген арзан көліктер. Олар Range Rover, Cadillac Escalade, Lamborghini сияқты қымбат көліктер сатпайды. Қытай нарыққа Toyota Camry, Hyundai Sonata сияқты эконом санаттағы көліктермен кірді. Нәтижесінде, дәл осы маркалардың бағасы төмендеді», – дейді сарапшы.
Zhassulan Ospanov қытайлық көліктердің сапасына әлі де күмәнмен қарайтынын жасырмады.
«Қытайлық көліктер – «одноразовый», бұл менің қазіргі ойым. Мысалға алатын болсақ, 2010 жылдары сенсорлы телефондар шыққанда да Қытай осындай әдіспен нарықты жаулаған болатын. Сенсорлы телефондардың түр-түрі болатын және оның бағасы да қолжетімді болатын. Олардың көбінің ғұмыры ұзақ болмады. Тек нарықта HUAWEI, Xiaomi сияқты тек мықты компаниялар қалды. Қазір олар автонарықта да солай жасауда. Яғни алдағы уақытта нарықта тек мықты Қытай көліктері іріктеліп қалатын болады», – деді Жасұлан Оспанов.
Сарапшының айтуынша, қазіргі үрдіс тұтынушыны арзан әрі қолжетімді тауармен қызықтырып, нарыққа жаппай ену. Алайда ұзақмерзімді сапа мәселесі әлі де ашық күйінде тұр.
Еске салсақ осыған дейін Changan айналары күннің ыстығынан еріп кеткені туралы бейнежазба пайда болған еді. Онда ресейлік әйел көлік сапасына шағым айтады.