
Режиссер Яна Скопинаның «Ұлжан» сериалы жақын арада Freedom Media алаңында көрерменге жол тартады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан QYZQARAS FILM FESTIVAL 2025 белгілі болды.
«Ұлжан» жасөспірімдер жайлы музыкалық драма. Басты кейіпкер, яғни Ұлжан, рэп-жұлдызы болып, өз арманына жете алатынын әкесіне, елге және бірінші кезекте өзіне дәлелдеуге тырысады. Бұл жолда ол өз ортасындағы қағидаларға қарсы шығып қана қоймай, ұл болып киініп, музыкалық шоуға қатысып, 50 миллион теңге үшін таласады. Бірақ Ұлжан бас жүлде үшін емес, еркіндік үшін күреседі.
Режиссердің сөзінше, рөлдерге қазақстандық жас музыканттар шақырылған.
«Туынды ата-ана мен баланың қарым-қатынасы жайлы. Ата-анаға баланың еркіндігін, жеке пікірін қабылдаудың қандай қиын екендігі көрсетіледі. Сериал дәстүрді берік ұстанатын отбасыда өскен қыз бала өзінің қалауын орындау үшін күллі қоғамға қарсы тұруға мәжбүр болатыны жайлы», – деді Скопина.
Фильмде басты рөлді сомдаған Зеңгір Рахатқызы Ұлжанмен мінезі, ойы сәйкес келсе де тағдыры сәйкес келмейтінін айтады.
«Менің ата-анам әр бастамамды қолдап, шабыт беріп, бар жағдайымды жасап келеді. Осы жағынан ғана Ұлжанмен ұқсас емес шығармыз. Әйтпесе, өзіме жақын кейіпкер болды. Өзімді ойнағандай сезімде болдым», – деді актриса.
Сериалды Freedom Media алаңынан жақын арада тамашалауға болады.