Тәкиев уәдесі: Зейнетақы мен жәрдемақы 10% өсіп, мемлекеттік грант көбейеді

Жарияланды 26 Тамыз 2025 11:11

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: коллаж Kursiv Media

Бүгін Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев 2026-2028 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Алдағы екі жылда бюджетке қанша түсім түседі, жалақы мен зейнетақы қаншалықты өседі? Негізгі тұстарын ұсынамыз.

Қазынаға қанша қаржы түседі?

Қаржы министрлігінің есептеуінше, 2026 жылы бюджетке 23,1 трлн теңге, 2028 жылға қарай 27,6 трлн теңге түсім түседі. Бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 12,6%-ын құрайды.

Тәкиев баяндамасында елдегі бюджет тапшылығын төмендетуге уәде берді. Оның сөзінше, 2026 жылы елдегі бюджет тапшылығы 2,5%, ал 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендейді деген жоспар бар.

Айта кету керек, 2026 жылғы кірістер мен бюджет тапшылығын есепке алғанда, бюджет шығысы да арта түседі.

  • 2026 жылы шығыс 2 трлн теңгеге артып, 27,7 трлн теңге
  • 2028 жылы 29,7 трлн теңге болады.

«2026 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары ағымдағы жылмен салыстырғанда, 2 трлн. теңгеге ұлғая отырып жоспарланады», – деп атап өтті Тәкиев.

Ұлттық қор жайы қалай болады?

Тәкиев баяндамасынан атап өтетін нәрсе, келесі жылы бюджет алғаш рет Ұлттық қордағы нысаналы трансфертті пайдаланусыз-ақ теңгерімделеді. Яғни бюджетті қордан қосымша қаржы сұратусыз-ақ толтырады деген жоспар бар.

Осыған дейін премьер-министр Олжас Бектенов үш жылдық республикалық бюджетті бекіткенде Ұлттық қордың нысаналы трансфертіне жүгінбейді деп мәлімдеген еді. Бұған дейін 2024-2026 жылдардың бюджетінде нысаналы трансферт 1,6 трлн теңге деп көрсетілген.

Бюджет шығыны қайда жұмсалады?

Қаржы министрінің атап өтуінше, бюджет әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды. Яғни мемлекеттік шығыстардың негізгі бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл бағыттағы шығындарға 10 трлн 725 млрд теңге жұмсалады. Әлеуметтік сала шығындары жалпы шығыс көлемінің 38,7%-ын құрайды.

Ал экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар, 10,9%-дан 16,1%-ға дейін ұлғайып, 4 трлн 470 млрд теңгені құрады.

Инфляцияны ескере отырып, әлеуметтік төлемдер 10%-ға индекстеледі. 288 мың адамның зейнетақысы мен жәрдемақысы өседі.

Білім саласына бөлінетін шығын да артады. Жаңа оқу жылында бұрынғыдан шамамен 19 392 адамға артық мемлекеттік грант бөледі деген жоспар бар.

Сонымен қатар, өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін жалпы мемлекеттік жобаларға, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арқылы 1 трлн. теңге мөлшерінде қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз