Алматыда Макс Корждың концерті өтпейтін болды

Жарияланды 28 Тамыз 2025 08:32

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Макс Корж
Макс Корж концерті өтпейтін болды / фото: архив kursiv.media

6 қыркүйекке жоспарланған әнші Макс Корждың Алматыдағы Орталық стадиондағы концерті өтпейтін болды. Бұл туралы Алматы қаласы спорттық нысандар дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы қаласының спорттық нысандар дирекциясы 2025 жылғы 6 қыркүйекте Орталық стадионда өтуі тиіс «Макс Корж» атты лақап атпен танымал орындаушының концерті болмайтынын хабарлайды. Аренада алдағы уақытта маңызды ойындар өтеді. Атап айтқанда, «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді. Жақында команда Шотландияның «Селтик» клубын жеңіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл – жаңа биікке деген ұмтылысты білдіреді және алаңды мінсіз дайындауды талап етеді», – делінген хабарламада.

Дирекцияның ішкі ережелеріне сәйкес мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін уәкілетті органдардың барлық рұқсат құжаттары толық ұсынылуы қажет.

Мекеменің мәліметінше, концертке дейін санаулы күн ғана қалды. Ал Орталық стадионды мұндай деңгейдегі іс-шараға әзірлеу әдетте 10–20 күн уақыт алады. Бүгінгі күнге дейін дирекцияға қажетті құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған.

«Сондықтан концертті өткізу заңды және техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Мыңдаған көрермен жиналатын ауқымды концерттер стадионның көгал жамылғысына едәуір салмақ түсіріп, футбол матчтарының сапасына кері әсер етеді», – деп түсіндірді дирекция өкілдері.

Сонымен қатар, Орталық стадион алдағы уақытта өзінің негізгі қызметіне – спорттық іс-шаралар өткізуге ғана пайдаланылатыны атап өтілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда халықаралық деңгейдегі жаңа стадион салынатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз