Еурокомиссия Google компаниясына 2,95 млрд еуро айыппұл салды

Жарияланды 8 Қыркүйек 2025 10:11

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

Еуропалық комиссия Google компаниясына (Alphabet Inc.) жарнама бизнесіндегі бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 2,95 млрд еуро айыппұл салды.

Комиссияның мәлімдеуінше, Google нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланып келген. Бұл тәжірибе 2014 жылдан бері жалғасып, бәсекелестер мен онлайн-баспагерлерге залал тигізген.

«Шынайы еркіндік – бәрі тең жағдайда бәсекеге түскенде және азаматтарда таңдау құқығы толық сақталғанда ғана болады», – деді ЕО-ның бәсекелестік мәселелері жөніндегі комиссары Тереза Рибера.

Google-ге бұл тәжірибені тоқтатып, жағдайды түзету үшін нақты қадамдар жасау міндеттелді. Компания 60 күн ішінде Комиссияға өз жоспарын ұсынуы тиіс. Алайда Google бұл шешіммен келіспей, апелляцияға шағымданатынын мәлімдеді. Вице-президент Ли-Энн Малхолландтың айтуынша, «Еурокомиссия негізсіз айыппұл салып отыр және талап етіп отырған өзгерістер мыңдаған еуропалық компаниялардың табыс табуын қиындатады».

«Жарнама берушілер мен сатып алушыларға қызмет көрсетуде ешқандай бәсекеге қарсы қадам жоқ, керісінше балама қызметтер қазір бұрынғыдан да көп», – дейді ол.

Бұған дейін Калифорния соты азаматтардың деректерін заңсыз жинағаны үшін Google-ға 314 млн доллар көлемінде айыппұл салған. Bloomberg  жазуынша, Google компаниясы Android қолданушыларының ұялы деректерін пайдаланушылардың келісімінсіз жинаған.

Сондай-ақ оқыңыз