
Қазақстанда банк ашу және оларға лицензия беру тәртібі жеңілдейді. Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі қаулыны қабылдады.
«Аталған заң жобасы мәжіліске 2025 жылдың 29 тамызда үкімет қаулысымен енгізілді. Аталған заң жобалары мемлекет басшысының қаржы секторын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін әзірленді. Заң жобасы арқылы банк қызметін жетілдіру көзделіп отыр. Бұл жоба елдегі банк секторын дамытуға жол ашады. Банктік қадағалау күшейтіліп, банктерді ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптар өзгертіледі», – деді Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева.
Заң жобасы жаңа банктердің нарыққа шығу шарттарын жеңілдетіп, салада бәсекелестікті арттыруға жол ашады. Сондай-ақ заң жобасы негізінде бизнесті несиелендіруге оң әсер ететін базалық банктік лицензия енгізу көзделген.
Бұдан бөлек қаржылық ұйымдардың басшыларына қойылатын талаптар күшейеді. Енді басшыларға қойылатын стандарттар көтеріліп, қаржы ұйымдарын басқаруға тек кәсіби дайындығы бар, білікті мамандар іріктеліп алынатын болады.
«Тағы бір жаңалық – төлемге қабілетсіз банктердің қызметін реттеу тетіктері енгізіледі. Бұл тетік арқылы салымшылардың мүдделерін қорғауға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік туады», – деді депутат.
Сонымен осы заң жобасы негізінде ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылым құру және Цифрлық теңге және цифрлық активтер айналымы үшін заңнамалық база әзірленеді.