Байлар Ferrari, ауылдағылар Toyota Hilux – қазақтар арабтардан қандай көлік алады

Жарияланды 12 Қыркүйек 2025 13:23

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Қазақтар арабтардан қандай көлік алып жүр/ Коллаж: kursiv.media, бильд редактор: Ахтам Зиперов

Қазақтар арабтардан қандай көліктерді жиі сатып алып жүр? Қандай маркаларды алған тиімді? Бұл сұрақтарды Kursiv.media тілшісі автосарапшы, әрі кәсіпкер Жасұлан Оспановқа қойып көрді.

Дубайда автосалада кәсібін дөңгелетіп отырған Жасұлан Оспанов осыдан бірнеше жыл бұрын арабтардан көлік алу тиімді болғанын айтады. Алайда Қытай автомобильдері нарықты өзгертті. Қазақтар енді алыс Дубайдан Toyota-ны емес, іргедегі Қытайдан электромобильдер сатып алуды жөн көретін сияқты. Десе де, кейбір азаматтар БАӘ-ден жүрілген көліктерді елге тиімді бағаға әкеліп, оны қымбатқа сатып жатыр. Сенімді әрі ұзаққа шыдайтын автокөлік мінгісі келетіндер де Дубайдан алып келуді жөн санайды екен.  

Қазақтар арабтардан қандай көлікті алып жүр?

«Негізінен TOYOTA маркалары. Оның ішінде Land Cruiser жақсы сұранысқа ие. Lexus LX570, BMW X5, BMW X7 сияқты маркалар бар. Range Rover маркасында жақсы алады»,– дейді автосарапшы.

Қалалықтар Ferrari, ауыл қазақтары Toyota Hilux…

Қалтасы қалың қазақстандықтар Lamborghini, Ferrari сияқты жүрілген спорткарларын арзан бағаға елге әкеліп жатыр. Ауылдағы ағайындар да шаруашылық үшін көлікті сонау Дубайдан тапсырыспен алдыратын болған. Олар жұмысқа көбіне Mitsubishi L200, Toyota Hilux сияқты жол талғамайтын жүрілген темір тұлпарларға тапсырыс береді.

«Бұрынғы Nissan Patrol-дарға қайтадан сұраныс көп болып жатыр, өйткені ескі кузовты жаңадан шығарып жатыр.  2022-2025 жылдардағы жаңа Patrol-дардың да саудасы қызып тұр. Бұл көлік өтуі жағынан бірінші орында тұр»,-  деді Zhassulan Ospanov.

Қанша ақша үнемдейсіз?

Кәсіпкер бұл көліктерді БАӘден алып келген жағдайда кемі 5-10 млн теңге ақша үнемдеуге болады деп санайды. Мәселен, Қазақстанда құны 70 млн тұратын көліктер БАӘ-де әрі кетсе 40 миллионның төңірегінде болады деп түсіндірді.

«Ал аукционнан алатын болса, екі есе арзанға шығады. Мысалға Қазақстанға Lincoln Navigator көлігін жібердік. Оның бағасы 350 мың доллар болды, біз оны аукционнан 120 миллионға алып, оған жөндеу жұмысын жүргізген кезде 150 мың долларға шықты»,- деді кәсіпкер Курсив Медиа тілшісіне берген сұхбатында.

Еске салсақ осыған дейін арабтардың ескі көліктерін аукцион арқылы арзан бағаға сатып жатқаны жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз