
Атырау облысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» заңсыз ақша шешіп алуға көмектескен 5 қылмыстық топ анықталды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлайды.
Күдіктілер 30-дан аса стоматологиялық клиникалардың атына жалған құжат жасаған. Оларды елдің әр өңірінде орналасқандай етіп көрсеткен. Шын мәнінде, ол медицина ұйымдары тек қағаз жүзінде болған, халыққа ешқандай қызмет көрсетпеген. Олардың ғимараттары да, жабдықтары да, қызметкерлері де болмаған. Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ.
Бірақ сол клиникалар арқылы күдікті азаматтар БЖЗҚ-дан қаражат шешіп алуға болатын құжаттар рәсімдеген. Ол қызмет үшін қордан алған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейін заңсыз сыйақы ұстап отырған. Жалпы 200 млрд теңгеден астам қаржы айналымнан шығарылған.
Салымшылардан алған ақшаға күдіктілер 15 қымбат автокөлік, зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған.
Қазір 59 тінту жұмысы жүргізілді. 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылады.
«Тергеу барысында тек зейнетақы активтерін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Өзінің жинақталған зейнетақы қаражатын алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды», – деп хабарлайды агенттіктен.
Ескерте кетейік, 15 қыркүйектен бастап Зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге аудару тоқтатылады. Өтінім қабылдау қашан басталатыны әлі белгісіз.