
Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Voice Beyond Horizon музыкалық жобасы Қазақстанды миллиондаған көрерменге туризм мүмкіндігі жоғары ел ретінде паш етпек.
Халықаралық ауқымды шоу Қазақстанның алты аймағын қамтиды: Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары, Алматы мен Астана қалалары. Жобаның финалы елордада өтеді.
Қазір Димаш Құдайберген мен түрлі елдерден келген қатысушылар Түркістан өңірінен кейін Ақтауға ат басын бұрды. Сценарий бойынша түсірілімдер Каспий теңізінің жағасында және Маңғыстаудың ең көрікті орындарының бірі — Бозжыра шатқалында өтеді.
Жоба Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген талантты орындаушыларды біріктірді. Олардың өнерін халықаралық деңгейде арнайы шақырылған сарапшылар бағалайды.
Музыкалық жобаны ҚР Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер қолдап отыр.
Бұған дейін, түсірілімдер Түркістан облысында өткенін жазған едік.