
Қазақстан 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін екі есе арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін шикізатты терең өңдеуге бағытталған салаларды дамыту қажет. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Kursiv Infrastructure Forum барысында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, 2029 жылға дейінгі «Ұлттық даму жоспарында» қандай салаларға инвестиция салуға болатыны егжей-тегжей жазылған.
«Атап айтқанда, мыс, алюминий мен мырыш секілді маталдардың терең өңделмеген үлесі 70-80-90 пайызды құрайтыны жазылған. Бұл – металлурги саласындағы жалып қосылған құнын артыруға орасан зор мүмкіндік. Яғни металды терең өңдеумен айналысатын көптеген зауыт салуға болады. Мәселен, металлургияда 40-50 млрд теңге инвестицияны қажет ететін жобалар оңай табылады», – деді Қасенов.
Сонымен қатар газ-химия саласында да, мұнай зимиясы саласында да шикізатты терең өңдейтін жобаларды жүзеге асыруға үлкен әлеует бар.
Ауыл шаруашылығы саласында да терең өңдеу бағытындағы жобалар көп. Олардың құны алдағы үш жылда 10 млрд доллардан асуы мүмкін.
«Екі жыл бұрынғы жолдауында Президент ауыл шаруашылығы саласындағы өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді тапсырған. Қайта өңдеу өнеркәсібінде жалпы қосылған құн көлемін терең өңдеу мен қайта өңдеу есебінен арттыруға болады», – деді вице-министр.
Бұл ретте Қасенов шикізат өндіру мен қайта өңдеуде жалпы қосылған құнның үлесі жоғары болатынын атап өтті. Арман Қасенов Қазақстан қайта өңдеу саласын дамытса, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін тіпті үш есе арттыра алатынына сенімді.