
Жыл соңына дейін доллар бағамы қалай өзгереді? Америкалық валюта курсы 550 теңгеден асуы мүмкін бе? Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтере ме? BCC Invest инвестициялық компаниясының сарапшылары елдің макроэкономикалық дамуына қатысты болжамын айтты.
Инфляция тұрақталады
«Бізде инфляция өте жоғары деңгейде, тамыз қорытындысы бойынша 12,8%. Айына орта есеппен 0,8%-1% өсіп отырады. Қазір біздің модельдеріміз жыл соңына дейін инфляция осы күйінде тұрақталады деген болжам жасап отыр. Баға күрт өсіп кетеді дейтіндей негіз жоқ», – дейді BCC Invest-тің сараптама және зерттеулер департаментінің жетекшісі Сұлтан Жұмағали.
Оның түсіндіруінше, ақысы тым тез қымбаттап жатқан сектордың бірі ретінде коммуналдық секторды айтуға болады. Мемлекеттің инфрақұрылымды жаңартуға кіріскені инфляция қарқынына да ықпал етіп отыр.
«Мемлекет инфрақұрылымын, құбырларды жаңартып жатыр. Ал оның шығынын тұтынушыларға салып отыр. Жақсы ма? Иә, болашақта коммуналды жүйе жақсарады. Бірақ есесіне қазір оның салдарын сезіп отырмыз, ол үшін жоғары базалық мөлшерлемемен төлейміз», – дейді ол.
Тамыздағы ресми дерек бойынша, инфляция 12,2%-ға жетті. Бірақ үкімет жыл соңына дейін инфляцияны 11%-дан асырмау керек деген мақсат қойып отыр.
Базалық мөлшерлемені көтереді
BCC Invest сарапшылары жыл соңына дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-ға апарады деп болжайды.
«Президент инфляциямен тек базалық мөлшерлемені көтеру арқылы ғана күреспеу керек, басқа баламалы жолдарын іздеңдер деген. Бірақ банк (Ұлттық банк – ред.) инфляция деңгейі өскенін көріп отырып, базалық мөлшерлемені де көтеруі мүмкін. Біздің болжам осындай», – деп атап өтеді Сұлтан Жұмағали
29 тамызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені тағы да 16,5% деңгейінде қалдырды. Бірақ Сүлейменов инфляция қарқыны баяуламаса, мөлшерлемені көтеруі мүмкін деп ескерткен еді.
Доллар 550 теңгеден аса ма?
BCC Invest сарапшылары доллар бағамына да қатысты болжамын бөлісті.
«Қазан, қараша желтоқсанда 540 деңгейіне жеттік және сол деңгейде қала береді деген болжам бар. Желтоқсанда жаңа жылда базалық сценарий бойынша теңге курсы 547 болуы мүмкін. Егер негатив сценарий орындалса 570-ке дейін барады. Бірақ біз күтіп отырған базалық сценарий бойынша бағам 546-547 теңге деңгейінде қала береді», – дейді сарапшы.
Қазір ресми түрде доллар бағамы 541 теңге, айырбастау пункттерінде 542-544 теңгеден саудаланып жатыр.