«Шаншардың» Кәрім Мәсімовке қатысты әзілі неге сахналанбай қалды – видео

Жарияланды 6 Қазан 2025 13:01

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Кәрім Мәсімовке қатысты қойылым сахналанбай қалған/коллаж kursiv.media

«Шаншар» театрының негізін қалаушы Уәлибек Әбдірайымов «qazaq Airan» YouTube каналына сұхбат беріп, шенеуніктерге қатысты қойған сахналары туралы айтты. Оның ішінде үкіметті екі рет басқарған Кәрім Мәсімов те бар.

Айтуынша, Астанада берген концертінде сол кезде премьер-министр болып тұрған Кәрім Мәсімовтің тіл білуіне қатысты қойылым болған. Алайда сол әзілді Алматыдағы концертте айтуға тыйым салынған.

«Кәрім Мәсімов бес тіл біледі екен. Қытай, ағылшын, араб, орыс тілі. Бесінші тілдің қай тіл екенін білмедім, бірақ ол қазақ тілі емес» дедім. Содан кейін Алматыда концерт беретін едік. Концерт алдында адаммен амандаспайтын сұсты кісілер келді. Мені шақырып алып, «Астанада үкімет басшысы туралы әңгіме айтқан екенсіз. Болмайды. Қысқартыңыз, болмаса концерт жабылады» деді. «Болды» дедім», – деген Әбдірайымов сұхбатта.

Ал «Үш қой сату» қойылымында өзін «қой» деп жаздырып алған «теке» туралы айтылған. Алайда көпшілік оның астарын жете түсінбеген.

Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған. Сот оны мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алуға талпынды және өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптап, 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оған қатысты қылмыстық іс «өте құпия» өтті. Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды.

2024 жылы Мәсімов рақымшылық жасау туралы өтініш білдірген, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев оның өтінішін қанағаттандырмады. 

Сондай-ақ оқыңыз