Биыл ғана бөтен біреулердің картасымен 13,2 трлн теңге шешілген

Жарияланды 7 Қазан 2025 11:35

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Қазақстанда 2025 жылдың өзінде 13,2 трлн теңге заңсыз ақшаны банкоматтардан шешіп алған. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында осындай мәліметті жариялады.

Шенеуніктің айтуынша, заңсыз операциялар көрсеткіші биыл 1 трлн теңгеге артты.

«Заңсыз ақшаны шығару үшін банкоматтарды қолдану өзекті мәселеге айналды. Қолданған шараларға қарамастан, заңсыз операциялар көлемі артып барады. Биыл ғана 13,2 трлн теңге қолма-қол ақша шешіп алынған. Бұл былтырғыға қарағанда 1 трлн теңгеге көп», – дейді Бижанов.

Агенттіктің мәліметінше, 2024 жылы заңсыз операциялардан түскен 12,2 трлн теңге шешіп алынған.

Бижановтың айтуынша, мұндай операциялар өзгенің картасын қолдану арқылы жүзеге асып жатады. Соған байланысты агенттік, Ұлттық банкпен бірге, бірнеше ұсыныс дайындады.

  1. Картаға 500 мың теңге салған уақытта ақша жолдаушының ЖСН мәліметі көрсетілсін. Қаржы операциясын мобильді қосымша немесе СМС арқылы растау әдісі талқыланып жатыр;
  2. 2026 жылғы қаңтардан бастап банктер банкоматтар камерасы түсірген видеоны кем дегенде 180 күн сақтауға міндетті. Бұл күдікті операцияларға қатысушыларды анықтауға мүмкіндік береді.
  3. Бет-әлпеті немесе саусақ табы арқылы адамды танудың биометрика әдісін енгізу мәселесі талқыланып жатыр.

Агенттік басшысының орынбасары осы ұсыныстар күмәнді операциялар жасауға кедергі жасайды деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз