Kazakhstan Prime Era: соңғы уақытта Қазақстанға қандай жұлдыздар келді

Жарияланды 9 Қазан 2025 15:21

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Kazakhstan Prime Era: Қазақстанға қандай жұлдыздар келді / коллаж: kursiv.media, бильд-редаткор: Ахтам Зиперов

Соңғы айларда әлеуметтік желілерде жаңа ұлттық тренд – Kazakhstan Prime Era, #KazakhVibe және #ҚазақстанныңЖылы хэштегтері кең таралып келеді. Бұл флешмоб ел азаматтарының оптимизмін, рухани серпілісін және қазіргі Қазақстанның жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.

Пайдаланушылар 2025 жылды «елдің кемелдік пен сенімге толы уақыты» деп атап жүр. Әлеуметтік желілерде мыңдаған посттар Қазақстанның мәдениет, спорт және технология салаларындағы табыстарын атап өтеді. Көпшіліктің пікірінше, бұл жыл елдің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесінің нәтижесін көрсеткен ерекше кезеңге айналды.

Мәдени серпіліс: әлем жұлдыздары Қазақстан сахнасында

Жаз мезгілінде Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys тобы Алматы мен Астанада аншлаг концерттер өткізді.

Бұл шаралардан кейін әлемдік БАҚ алғаш рет Қазақстанды халықаралық шоу-индустрияның жаңа орталығы ретінде атады.

Ал қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өткен тарихи матч – «Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездесуі – миллиондаған жанкүйердің назарын Қазақстанға аударды.

Әлемге әйгілі актер Джеки Чан Қазақстанға келіп, өзінің атақты «Құдайдың сауыттары» (Armour of God) фильмінің жаңа бөлімін дәл осында түсіретінін мәлімдеді. Бұл жаңалық елдің кинематографиясына халықаралық назар аудартып, көптеген жас актер мен режиссерлерге шабыт берді.

Инновация мен технология

Тағы бір сенсациялық жаңалық – Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Астанада жасанды интеллект зертханасын ашуы. Бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформацияға бет бұрып, инновацияға бағытталған елге айналып келе жатқанын айқын дәлелдейді.

«Қазақстан өзінің Prime Era-сына кірді» — бұл сөз енді жай ғана тренд емес, елдің жаңа рухын сипаттайтын ұғымға айналды.

Экономика өсіп, мәдениет жаңарып, спорт пен ғылым күнделікті жетістікке айналған заманда, қоғам өз болашағына сеніммен қарай бастады.

Сондай-ақ оқыңыз