Әйелдердің шашы неге түседі және оны қалай тоқтатуға болады

Жарияланды 26 Қазан 2025 17:57

Нұрән Әділет

Нұрән Әділет

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Әйелдердің шашы неге түседі / Фото: kursiv.media архиві

Әдетте әйелдердің тәулігіне шамамен жүз талға дейін шашының түсуі қалыпты құбылыс саналады. Одан көбейсе, уақыт өте келе шаш сирей бастайды, ал бас терісінде ашық дақтар пайда болады. Мұндай мәселе әртүрлі себептерден туындайды. Ендеше, не себептен шаштың түсуі мүмкін екенін және онымен күресудің қандай тәсілдері расында тиімді, ал қайсылары көмектеспейтінін қарастырайық.

Шаш не үшін түседі

Көп жағдайда әйелдердегі шаш түсуге әйел типіндегі андрогенетикалық алопеция себеп болады – бұл кезде шаштың түсуі төбе тұсынан, маңдай және самай бөлігінен басталады. Ал шүйде аймағы, әдетте, сақталып қалады. Дегенмен, ер адамдардағыдай толық таз болу жағдайы сирек кездеседі. Тек шаштың қалыңдығы айтарлықтай азайып, бас терісі көрініп, бөлінген сызық кеңейіп кетеді.

Ғалымдар мұндай алопецияның ерлер мен әйелдерде тестостеронның зат алмасу өнімдері шаш фолликулаларына әсер етуінен дамитынын айтады. Егер адамда осы заттарға тұқым қуалайтын сезімталдық болса деп түсіндіреді. Ерлердегі андрогенетикалық алопецияның бұл механизмі жақсы зерттелген және ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал әйелдер жағдайында әлі де бірқатар сұрақтар ашық күйінде қалып отыр. Мысалы, осындай түрдегі шаш түсетін әйелдердің қанындағы ер гормондарының деңгейі қалыпты болады. Кейбір ғалымдар бұл құбылысты әйел гормондары – эстрогендердің тапшылығымен байланыстырады, себебі мәселе көбіне жас ұлғайған сайын, әсіресе менопауза алдындағы және кейінгі кезеңде жиі байқалады.

Процес қалай жүреді

Андрогенетикалық алопеция кезінде шаштың өсу фазасы бірнеше жылдан бірнеше айға дейін қысқарады. Яғни шаш өз өмірлік циклін тезірек өтіп, ерте түседі, сондықтан бас терісіндегі шаш жамылғысы толық жаңарып үлгермейді. Сонымен қатар, шаш фолликулаларының өздері де кішірейеді, ал одан шыққан шаш талдары қысқа әрі жұқа болып өседі. Бұл құбылыс фолликулярлы миниатюризация деп аталады. Осы себептерден шаштың саны азайып, ең алдымен байқалатын белгі – бөлінген сызықтың кеңеюі.

Басқа түрлері мен ықтимал себептері

Сирек жағдайларда басқа түрдегі алопеция кездеседі, мысалы ошақты алопеция, мұнда шаш бас терісінің белгілі бір жерлерінен түсіп, анық шалыстар пайда болады. Сондай-ақ, шаш түсуі кейде дәрі-дәрмектің әсерінен (мысалы, химиотерапия), гормондық өзгерістердің, стрестің, қатаң диеталардың, темір тапшылығының немесе қалқанша безі ауруларының салдарынан болуы мүмкін. Ал кейде тракциялық алопеция дамиды – бұл ұзақ уақыт бойы шашты қатты тартып өріп, жинап жүруден (мысалы, тығыз байланған құйрық не өрімдерден) туындайды.

Диагностика және емдеу тәсілдері

Көп жағдайда шаш не себептен түсіп жатқанын дәрігер ғана нақты анықтай алады. Қабылдау кезінде ол бас терісін арнайы құрал – трихоскоптың көмегімен тексереді. Осылайша, шаштың түсу дәрежесін және фолликулалардағы өзгерістерді көруге мүмкіндік бар. Қажет болған жағдайда қосымша зерттеулер тағайындалады:

  • егер эндокриндік ауруға күдік болса, гормондарға қан талдауы,
  • кей жағдайларда бас терісінің биопсиясы — микроскоп арқылы зерттеу үшін шағын тін үлгісін алу.

Бұл зерттеулер шаш фолликулаларының нақты жағдайын анықтауға және тиімді ем тәсілін таңдауға көмектеседі.

Әйелдердегі шаш түсуіне не көмектеседі?

Әйелдердегі андрогенетикалық алопецияны емдеу күрделі процесс. Көп жағдайда шаштың толық қалпына келуіне қол жеткізу мүмкін емес – ем тек олардың түсуін баяулатып, өсуін ішінара арттыра алады. Сондықтан емді неғұрлым ерте бастаған дұрыс – шаштың қалыңдығы азая бастаған сәттен. Ал алғашқы айқын нәтижелер бірнеше айдан кейін ғана байқалады.

Миноксидилмен жергілікті ем

Андрогенетикалық алопеция кезінде көбіне миноксидил қосылған жергілікті құралдар –лосьондар, көбік немесе ерітінділер қолданылады. Олар бас терісіне жағылады. Белсенді заттың тиімді концентрациясы әдетте 2–5% шамасында болады. Миноксидил шаштың өсу фазасын ұзартып, тыныштық кезеңін қысқартады деп есептеледі, соның нәтижесінде шаш жақсырақ өседі.

Препаратты кем дегенде алты ай бойы үзбей қолдану қажет. Алғашқы екі айда шаш түсуі күшейгендей көрінуі мүмкін, алайда 4–8 ай өткен соң жаңа шаштар өсіп шыға бастайды. Толық әсері әдетте 12–18 айдан кейін байқалады. Осыдан кейін миноксидилді тұрақты түрде қолдану керек. Егер оны тоқтатса, қайта өскен шаштар қайтадан түсе бастайды.

Қосымша ем тәсілдері

Кейде жергілікті емге қоса андрогендік гормон рецепторларын бөгейтін дәрілер тағайындалады – олар ер гормондарының шаш фолликулаларына әсерін азайтады.
Сондай-ақ лазерлік терапия мен тромбоциттерге бай плазманы енгізу (PRP-терапия) әдістерінің тиімділігі туралы шектеулі деректер бар. Бірақ олардың әсері шамалы, сондықтан бұл әдістер әдетте басқа ем түрлері нәтиже бермегенде қолданылады.

Шаш трансплантациясы

Кей әйелдерге шаш трансплантациясы жасалады – мысалы, шүйдеден алынған фолликулдарды маңдай бөлігіне көшіру. Бірақ бұл әдіс әрқашан мүмкін бола бермейді. Себебі кей жағдайларда алопеция бас терісінің барлық аймағын қамтиды да, шүйде бөлігінде трансплантацияға жарайтын фолликулалар жеткіліксіз болады. Бұған қоса, трансплантация – күрделі әрі қымбат процедура.

Басқа түрлерін емдеу

Басқа типтегі алопецияларда ем тәсілі өзгеше. Мысалы, ошақты (гнездная) алопеция кезінде дәрігер алдымен глюкокортикоид гормондары бар жергілікті препараттар тағайындауы мүмкін – олар шаш түскен аймақтарға жағылады. Кейін нәтижені бекіту үшін миноксидил қосылады.

Кей жағдайда тек себепті жоюдың өзі көмектеседі. Мысалы, шаш фолликулалары тартымды шаш үлгісінен зақымданған болса, оны өзгерту жеткілікті. Ал егер мәселе темір тапшылығымен байланысты болса (бұл әйелдерде жиі кездеседі), қандағы темір деңгейін қалпына келтіру қажет. Кейде шаш өздігінен қайта өсіп кетеді – мысалы, стресс немесе бала босанудан кейінгі гормондық өзгерістер салдарынан түскен шаштар стресс фактор жойылған соң немесе гормондық фон қалпына келгеннен кейін қайта қалпына келеді.

Не көмектеспейді

Шаш түсуін емдеудің тиімсіз әдістері де аз емес.

Көп жарнамада биотин, шаш өсуіне арналған дәрумендер, женьшень не жасыл шай сығындылары бар биоқоспалар (БАД) ұсынылады. Алайда бұл заттардың шаштың өсуіне немесе жағдайына нақты әсер ететініне ғылыми дәлел жоқ. Сонымен қатар, БАД өнімдері дәрілер сияқты қатаң тексеруден өтпейтінін ескеру керек, сондықтан олар кейде зиян тигізуі мүмкін – мысалы, өндіруші көрсеткен мөлшерден белсенді заттың артық болуы салдарынан болуы ықтимал.

Гормондық құралдарға абай болу керек

Гормондық әсері бар препараттарды – мейлі жергілікті болсын, мейлі ішуге арналған болсын өте сақтықпен қолдану қажет. Егер қоспаның құрамында шынымен гормондар болса, олардың жанама әсерлері көп, ал кейде бас терісінің және шаштың жағдайы одан сайын нашарлауы мүмкін.

Мұндай дәрілерді тек дәрігердің нұсқауымен, нақты дозада және белгілі бір мерзімде ғана қабылдауға болады. Себебі олар шаш түсуінің барлық түріне бірдей көмектесе бермейді.

Тиімсіз косметологиялық әдістер

Көптеген косметологиялық әдістердің, соның ішінде мезотерапия мен дарсонвализацияның, тиімділігі де дәлелденбеген. Мысалы, «Дарсонваль» аппараты бойынша жүргізілген зерттеулер сапасы төмен: қатысушылар саны аз және бақылау топтары болмаған. Сондықтан бұл әдістерді ғылыми тұрғыда сенімді деп айтуға болмайды.

Қорытындылай келгенде, әйелдердегі шаш түсуін емдеу ұзақ әрі жүйелі тәсілді қажет етеді. Ең маңыздысы – өз бетімен тәжірибе жасап, жарнамалық уәделерге сенбей, дер кезінде трихолог немесе эндокринолог дәрігерге қаралу керек.

Сондай-ақ оқыңыз