Қазақстанда 2%-дық ипотека қай санаттағы азаматтарға беріледі

Жарияланды 3 Қараша 2025 10:36

Нұрән Әділет

Нұрән Әділет

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
2%-дық ипотеканы «Отбасы» банк арқылы ала алады / Фото: shuttersctock

Сенаторлардың ресми сауалына берген жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов ипотекалық несие 2-5% мөлшерлемемен қандай санаттағы азаматтарға берілетінін айтты.

Олжас Бектеновтің сөзінше, ауылдарда мамандарды ұстап қалу үшін қосымша әлеуметтік қолдау шараларын енгізу көзделген. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігін іске асырып жатыр.

«Кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық кредитті «Отбасы» банк арқылы ала алады (2 және 5 % төмендетілген мөлшерлемемен). Кредит 2%-бен келесі санаттағы азаматтарға беріледі – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалары бар отбасылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жесірлер», – дейді Үкімет басшысы жауабында.

Қалған санаттарға ипотека 5%-бен беріледі.

Жалпы 2022 жылдан бастап кезекте тұрған азаматтардың кейбір санаттарына тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігі субсидияланады. Оған қоса, ипотекалық кредиттің бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаты беріледі («7-20-25» ипотекалық бағдарламасы, «Отбасы» банк беретін ипотекалық кредиттер бойынша). Аталған сертификат алушылар санаттарының тізбесі мен өлшемін жергілікті өкілетті органдар жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай айқындап бекітеді

«Осылайша, табысы төмен мұқтаж азаматтарға үй сатып алуға сертификат беру – мемлекеттің қолдау тетіктерінің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдады. Келешекте халыққа баспана қолжетімді болуы үшін ипотекалық кредит көлемі екі есе артты. Қараша айында «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары басталады. Жалпы 500 млрд теңге көлемінде кредит беріледі. Сондықтан ақпараттық технологиялар мамандары, есепші-экономистер тұрғын үй кезегіне тұрып, жоғарыда аталған мемлекеттік қолдауларды алуға толық мүмкіндіктері бар», – дейді Бектенов жауабында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат депуатттары есепші-экономистердің мәселесін көтеріп, салада білікті мамандарды ұстап қалу үшін қосымша әлеуметтік қолдау шараларды (қызметтік баспана, тұрғын үй жалдау өтемақысы, кәсіби біліктілікті арттыруға жағдай жасау) енгізуді ұсынған еді.

Сенатор Амангелді Есбайдың сөзінше, аталған салада жұмыс істейтін есепші-экономистердің де жағдайы күрделі. Олар мемлекеттік мекемелердің қаржылық тұрақтылығы мен бюджеттік тәртіпті қамтамасыз ететін маңызды мамандар бола тұра, олардың да еңбекақысы жеткіліксіз деңгейде. Бүгінгі күні олардың айлық жалақысы жаңадан келген жоғары білімді мамандарда – 160 000 теңге, 5 жылдан астам тәжірибесі барларда – 165 000 теңге, ал 25 жылдан астам еңбек өтілі бар мамандарда – 175 000 теңгені құрайды. Оның айтуынша, бұл еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда төмен.

Сондай-ақ оқыңыз