Шетелге 5 млн доллардың дәмдеуіштері экспортталды: отандық өнімге сұраныс артқан

Жарияланды 9 Қараша 2026 09:39

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Дәмдеуіш экспортты арты/ kursiv.media

Қазақстандық дәмдеуіштер мен тұздық өндірушілер өндіріс көлемі мен экспортты белсенді түрде арттырып келеді. «Қазақстанда жасалған» белгісі бар өнімдер отандық дүкендермен қатар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Орталық Азияның басқа елдерінің сауда желілерінде де сатылып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Өндірушілер енді тек импорттық дәмдеуіштерді қаптаумен шектелмей, толық өндірістік циклді меңгеріп, шетелдік дәмдеуіштерді отандық фермерлердің өнімдерімен біріктіріп шығарып жатыр. Қоспалардың құрамындағы көкөністер мен көк шөптердің бір бөлігі Қазақстанда өсіріледі.

Еnergyprom.kz мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында түрлі тұздықтар, оларды дайындауға арналған өнімдер, аралас дәмдеуіштер өндірісі 43,1 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,5%-ға жоғары.

Ал аралас дәмдеуіштер өндірісі 1,2 мың тоннаға жуықтап, соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткішке жетті. Жылдық өсім 81,3% немесе 636 тоннаны құрады. 2025 жылы да өндіріс 47,7%-ға өскен болатын.

Мысалы, ірі азық-түлік холдингі Eurasian Foods Corporation компаниясының төлемдері 2021 жылдан бері шамамен 6 есе өскен. Ал дәмдеуіш өндіруге маманданған «Омега-Специи» ЖШС салық төлемдерін 14 есе, Royal Food 15 есе, ASYL spice center 27 есе арттырған.

Сектор өсімінің тағы бір көрсеткіші – экспорт. 2026 жылдың сегіз айында Қазақстан дәмдеуіштерді, тұздықтарды және дәмдік қоспаларды шамамен 5 млн АҚШ долларына экспорттады. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 87,3%-ға артық. Экспорттың заттай көлемі де 63,6%-ға өсті.

Қазақстандық өнімнің негізгі сатып алушылары – Орталық Азия елдері. Экспорттың төрттен бірінен астамы Тәжікстанға тиесілі: 568,7 тонна өнім жеткізілді. Өзбекстан 502,4 тонна сатып алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп.

Сондай-ақ Қырғызстанға 401 тонна, Түрікменстанға 201,5 тонна өнім экспортталды. Бұл көрсеткіштер қазақстандық дәмдеуіштердің аймақтық нарықта бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.

Соған қарамастан, Қазақстан импортқа тәуелділігін әлі толық жойған жоқ. Себебі көп экзотикалық дәмдеуіштер елімізде өндірілмейді.

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында дәмдеуіштер мен тұздықтар импортының көлемі 15,5 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Алайда ақшалай көлемі инфляция әсерінен 8,1%-ға өсіп, 48,7 млн АҚШ долларына жетті.

Импорттың негізгі жеткізушісі – Ресей. Оның үлесі 73%-ды құрап, жеткізілім көлемі 14%-ға артты. Ал Қытайдан импорт шамамен төрттен бірге, Германиядан 45,3%-ға, Италиядан 6,5%-ға төмендеді.

Оқи отырыңыз: Темекінің экспорты ішкі нарықтағы сатылымнан асып түсті

Сондай-ақ оқыңыз