Май өндірушілер Қытайға 108 млн доллардың өнімін экспорттамақ

Жарияланды 9 Қараша 2026 09:58

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Қазақстан Қытайға 1 млн тонна май өнімін экспорттайды/ kursiv.media архиві

Қазақстандық май өнімдерін өндіруші кәсіпорындар Шанхайда өткен Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) аясында жалпы құны 108 млн АҚШ долларын құрайтын экспорттық келісімшарттарға қол қойды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Алдағы екі маусымда Қазақстан Қытай нарығына май өнімдерін жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстанның ұлттық павильонында майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы еліміздің тоғыз май зауытының өнімін таныстырды. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, көрме жаңа серіктестер табуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Біз көрмеге төртінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Осы уақыт ішінде жаңа серіктестер тауып, бірқатар келісімшарттарға қол қойдық», – деді қауымдастықтың атқарушы директоры Александр Яшков.

Оның мәліметінше, соңғы бес маусымда қазақстандық май өнімдерінің экспорты бес есеге артқан. 2025-2026 маусымында экспорт көлемі 1,8 млн тоннадан асып, экспорттық түсім 1 млрд 233 млн АҚШ долларын құрады.

Қазіргі уақытта Қазақстан май өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне жеткізеді. Негізгі нарықтардың қатарында Қытай, Орталық Азия, Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдері бар. Қытай қазақстандық май өнімдерін импорттаушы елдер арасында екінші орында тұр.

Соңғы бес маусымда Қазақстаннан Қытайға өсімдік майы мен күнжара экспорттаудан түскен валюталық түсім 385 млн долларға өсіп, 438 млн АҚШ долларына жетті.

Александр Яшковтың айтуынша, Қытай нарығында қазақстандық өнімдерге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда байланыстарын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік мол. Оның бағалауынша, осы маусымда Қытайдың өсімдік майы мен күнжара импортының жалпы көлемі 16 млн тоннаға жетуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қазақстан май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр

Сондай-ақ оқыңыз