Спектакльден кейін «инсульт» алдым: Азамат Сатыбалды актерлық жолға қалай келген

Жарияланды 3 Қараша 2025 23:23

(жаңартылды 4 Қараша 2025 08:04)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

​​General news бөлімінің тілшісі a.tolendi@kursiv.media
Азамат Сатыбалды актерлық жолға қалай келгенін айтты / Фото: Instagram/ Azamats

Белгілі актер Азамат Сатыбалды Алматыға әскери училищеге тапсыруға келіп, қалай актер болып кеткені туралы айтып берді. Бұл туралы ол «Алғашқы» бағдарламасында әңгімеледі.

Актердің айтуынша, мектеп бітіргеннен кейін үлкен ағасының жолын қуып әскери адам боламын деп Алматыдағы Шекара училищесіне оқуға тапсыруға келген.

Алайда сол келгенінде ауылдасы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алып жүрген. Соның достарымен бірге Әуезов театрына қойылымға барғанда бәрі өзгерген.

«Әлі есімде. Әуезов театрына кірдік. Әзірбайжан Мәмбетовтің «Ғасырдан да ұзақ күн» деген спектакліне бардық. Мен ана спектакльді көрдім, сол кезде бір «инсульт» алдым десем болады. Жақсы мағынада айтқанда. Шок болдым. Ана спектакльді көрдім де, ес ауып қалдым, есеңгіреп шықтым далаға», – дейді актер.

Осыдан кейін жолдастары спектакльдің Азамат Сатыбалдыға қатты әсер еткенін біліп, оған Тұрғышбай Жаманқұловтың класына Өнер академиясына тапсырып көруді ұсынған.

«Бәрі жабылып, сені дайындайық деп, біреуі поэзия, біреуі монолог, біреуі би ұсынып, бір түнде дайындалып, ертесі Тұңғышбай ағайға келдім. «Қайда жүрсің?» деді. Мен «әскери оқуға келгенмін, бірақ осы жаққа тап болдым» дедім. «Ешнәрсе етпейді бір офицер аз болады» деді. Сол күні оқуға түсіп кеттім, – деп бөлісті ойымен актер.

Сондай-ақ оқыңыз