Алаяқтарға алданғандардың несиесін енді банктер өтейді

Жарияланды 5 Қараша 2025 16:17

Нұрән Әділет

Нұрән Әділет

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
кредит
Жаңа заң 30 қыркүйекте күшіне енген / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстанда енді қаржы алаяқтарының құрбаны болған азаматтардың несиесін банктердің өзі өтейтін болады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады.

Жаңа заң не дейді

Әбілқасымованың айтуынша, биыл жазда қабылданған жаңа заң 30 қыркүйекте күшіне енген. Енді азаматтарды несиеге қатысты алаяқтықтан қорғаудың екі тетігі бар: соттан тыс және сот арқылы шешу.

«Соттан тыс және сотпен шешу тәртібі бекітілді. Соттан тыс тәртіп бойынша, биометрия жоқ болса, азаматтар өздігімен кредиттен бас тартса, ішкі істер органдары кредитпен алданған адам жәбірленуші деп таныса, банктер сот тәртібінен тыс сол қарыздан босатады. Ал сот тәртібі бойынша үш жағдайда алданған адамдардың кредиті кешіріледі: бірінішіден, алаяқтар заңсыз жолмен сіздің жеке мәліметтеріңізге қол жеткізсе, екінші жағдайда банк сіздің биометрияңызды дұрыс жүргізбесе, үшіншіден антифрод процедурасы бұзылған жағдайда… Осы үш жағдай кредиттен босатуға негіз бола алады», – деді Әбілқасымова.

Банк жауапкершіліктен құтылмайды

Агенттік басшысының айтуынша, кей жағдайларда азаматтардың өздері биометриялық растауға келісіп, қол қойып қойған. Бірақ бұл да банктерді жауапкершіліктен толық босатпайды.

«Кей адамдар әлеуметтік инженерия әдісімен алданған. Яғни, олар өздері ақпаратты беріп қойғанымен, банк антифрод жүйесін қадағалауы тиіс еді. Сол себепті біз бұл үшінші тармақты әдейі қостық. Енді банктер клиенттердің қауіпсіздігіне көбірек мән беруі керек», – деді Әбілқасымова.

Айта кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтар енді телефонмен сөйлесіп тұрып ақша аударымын жасай алмайтыны жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз