
2015 жылы жарыққа шыққан және үш бірдей жаңартудан өткен сегізінші буындағы Toyota Hilux пикапының тоғызыншы буыны шыққалы жатыр. Жаңа үлгі алғаш рет толықтай электрлі күштік қондырғымен, екі электр қозғалтқышымен жабдықталған нұсқада ұсынылды. Толық техникалық сипаттамалар әлі жарияланбағанымен, Toyota Hilux-тың сыртқы және ішкі көрінісінің алғашқы ресми суреттерімен бөлісті. Жаңа модельдің Азия елдері нарығына шығуы 2026 жылға жоспарланған.
Жаңа Hilux қос кабинамен жабдықталған. Өлшемдеріне келер болсақ, ұзындығы – 5320 мм, ені – 1855 мм, биіктігі – 1800 мм, ал дөңгелек базасы– 3085 мм. Бұл өлшемдер алдыңғы буыннан аса ерекшеленбейді.

Toyota Hilux пикапының электр қозғалтқыштары 196 ат күші қуат өндіреді, ал оларды қуаттандыратын литий-ионды батареяның сыйымдылығы 59,2 кВт/сағ. Бұл батарея көліктің еденінің астына орнатылған және 300 шақырымға дейін жүріс қорын қамтамасыз етеді. 2026 жылы Hilux-тың қозғалтқыш түрлері дизельді нұсқамен толықпақ. Оның нақты сипаттамалары әзірге белгісіз, бірақ болжам бойынша, бұл – 2,8 литрлік, 200 ат күшінен сәл асатын қуаты бар қозғалтқыш болады. Ол автоматты беріліс қорабымен және әртүрлі жетек түрлерімен ұсынылады.
Сондай-ақ Hilux пикабының сутекті қозғалтқышпен жабдықталған сериялық нұсқасын әзірлеуді де жоспарлап отыр. Бұл модельдің нарыққа шығуы 2028 жылға жоспарланған және негізінен Еуропа елдеріне арналған.
Hilux дизайны
Фотосуреттерге қарағанда, жаңа Hilux алдыңғы бөлігінің агрессивті, бұрышты дизайнымен және жіңішке жарық оптикасымен ерекшеленеді. Электр нұсқасы радиатор торынсыз жасалған, алайда іштен жану қозғалтқышымен жабдықталатын түрінде жабық панельдің орнына тормен жабылған нұсқасы көрсетілген.

Пикаптың ішкі бөлігі толық жаңартылып, бұрышты стильде орындалған. Салонда үлкен орталық экран, қозғалтқыш түріне байланысты әртүрлі пішіндегі дәстүрлі трансмиссия селекторы және көптеген физикалық батырмалар мен тетіктер орнатылған. Жүріс режимдерін таңдауға арналған айналмалы «шайба» да бар. Ал жанармаймен жүретін Hilux нұсқасында толық жетекті басқару тетігі де қарастырылған.
Айта кетейік, ауылдағы ағайындар шаруашылық үшін көлікті сонау Дубайдан тапсырыспен алдыратын болған. Олар жұмысқа көбіне Mitsubishi L200, Toyota Hilux сияқты жол талғамайтын жүрілген темір тұлпарларға тапсырыс береді.