Ғалам аруы-2025: Қазақстан атынан қатысып жатқан Дана Алмасова кім

Жарияланды 12 Қараша 2025 12:09

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Miss Universe 2025: Қазақстан атынан қатысып жатқан Дана Алмасова кім / фото: instagram: almasshine

Қазақстан атынан 74-ші халықаралық Miss Universe 2025 (Ғалам аруы) сұлулық байқауына Қостанай қаласының тумасы, 21 жастағы Дана Алмасова қатысады. Дана қазіргі таңда Таиланд астанасы Бангкокта байқаудың финалына дайындалып жатыр. Бұл туралы «Мисс Қазақстан» байқауының ресми парақшасында және қатысушының өз Instagram парағында жарияланды.

Дана Алмасова – жас, табанды әрі мақсатшыл бойжеткен. Дана Түркияның Анатолия университетінде жоғары білім алған. Өткен жылы «Miss Universe Qazaqstan 2024» атағын жеңіп, халықаралық деңгейде ел намысын қорғау құқығына ие болған. Дананың басты мақсаты – Қазақстанды әлемдік сахнада абыроймен таныстыру және отандастарын шабыттандыру. Оның әлеуметтік жобасы экологиялық жауапкершілік тақырыбына арналған. Дана табиғатты қорғау мен қалдықтарды сұрыптау мәдениетін дамытуға назар аударғысы келеді. Айта кетсек, мектеп кезінде де осы тақырыпта ғылыми жұмыс жазған.

Байқауда Алмасова киетін ұлттық костюм де ерекше мәнге ие. Shimai отандық бренді жасаған бұл киім жібек пен киізден тігілген, ал әшекейлері қазақ даласының символы қызғалдақ гүлдерімен безендірілген. Костюмді дайындау процесі төрт айға созылған.

«Біздің де қызғалдақтарымызды бүкіл әлем таныса деймін», – дейді Дана Алмасова.

Miss Universe 2025 байқауы Таиландта өтеді. Биылғы жылы жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен қатысушы келеді. 19 қараша күні ұлттық костюмдер шоуы өтсе, финалдық кезең 21 қарашаға жоспарланған.

Дана Алмасоваға қалай дауыс беруге болады?

Дана Алмасованы қолдау үшін Miss Universe ресми мобильді қосымшасы арқылы дауыс беруге болады. Дауыс беру 19 қарашаға дейін жалғасады.

Дауыс беру қадамдары:

  • Miss Universe қосымшасын жүктеп алыңыз (App Store немесе Google Play арқылы).
  • Тіркеліп жүйеге кіріңіз.
  • Басты беттегі Vote немесе BtC бөлімін таңдаңыз.
  • Ашылған тізімнен Dana Almassova (Kazakhstan) деп іздеңіз.
  • Оның профилін ашып, Get Votes батырмасын басыңыз.
  • 50 секундтық қысқа бейнероликті қарап, тегін дауыс бере аласыз.
  • Қаласаңыз, қосымша дауыстарды сатып алуға да мүмкіндік бар. Күн сайын бірнеше рет дауыс беруге болады.
Сондай-ақ оқыңыз