«Адасқан» – балалардың жоғалу мәселесін көтерген жаңа әлеуметтік сериал

Жарияланды 14 Қараша 2025 15:45

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: freedom media

Полицияның мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 300 жасөспірім бала жоғалады, олардың 200-ге жуығы сол бойы табылмай кетеді. Бұл – қоғамды алаңдататын, назардан тыс қалдыруға болмайтын өте өзекті мәселе. Дәл осы ауыр тақырыптың айналасында Freedom Media жаңа қазақ тіліндегі әлеуметтік-драмалық сериал – «Адасқан» жобасын таныстырды.

Сериалдың идеясы мен оқиға желісі

«Адасқан» сериалының сюжеті шынайы оқиғаларға сүйенеді. Туындының негізгі өзегі – іссапар кезінде ойдан шығарылған Қаралы қаласында бес жасар ұлын жоғалтып алған отбасының трагедиясы.

Режиссер Абылай Әшімовтың айтуынша, сериал шынайы өмірдегі ауыр жағдайларды, ата-аналардың, еріктілердің және іздестіру ұйымдарының күресін көрсетуге бағытталған үлкен әлеуметтік жоба.

Жобаның әлеуметтік серіктестері арасында «Лидер КЗ» іздестіру ұйымы бар. Оның жетекшісі, Алматы қаласы мен облысы бойынша іздеу жұмыстарының басшысы Дильмұра Құтлықжанқызы Блац сериалдың маңызын ерекше атап өтті:

«Мұндай туындылар ақпараттық қолдау көрсетіп қана қоймай, ата-аналарды сақтыққа шақырып, жауапкершілікті арттыра түседі», деді Блац.

Media саласының қолдауы

Freedom Media контент маркетинг бөлімінің жетекшісі Олег Столярчук жобаның мақсаты – тек көрерменге эмоциялық әсер қалдыру емес, сонымен қатар нақты әрекетке ынталандыру екенін айтты.

Сериалмен қатар #АДАСПА атты әлеуметтік-ағартушылық кампания іске қосылды. Оның мақсаты балалардың қоғамдық орындарда жоғалуын болдырмау және ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру.

«Адасқан» сериалының алғашқы бөлімі 13 қарашада Freedom Media платформасында жарық көрді.

Сондай-ақ оқыңыз