«Димаш және 13 елдің президенті»: Астанада түсірілген фото тарихы

Жарияланды 17 Қараша 2025 16:25

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Астанадағы фотоны Оспан Әли түсірген/фото: kursiv.media, Серикжан Ковланбаев

2024 жылы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенмен кездесті. Кездесу Астанада өткен. Алайда бас хатшымен кездесу ұзаққа созылмаған. Бұл туралы фото авторы Оспан Әли (Әлібек Ибраев) айтты.

Астанада БҰҰ 80 жылдығына орай фотокөрме ашылды. Көрмеге бұған дейін жарияланбаған немесе көп жерде кездесе бермейтін тарихи 80 фотосурет қойылған. Келушілерді Димаш пен Гутерриштің дәл осы фотосы «қарсы алады».

Фото 2024 жылы Астанада түсірілген/фото: Серикжан Ковланбаев

Көрменің ашылуында қонақтардың арасында қазақстандық фотограф Оспан Әли де болды. Kursiv.Media тілшісі фото авторымен әңгімелесіп, кездесудің қалай өткенін сұрады.

Айтуынша, Гутерришпен кездесуге Димаштың келетінін алдын ала білмеген.

«Фото Шанхай Ынтымақтастық ұйымының Астанада өткен саммиті кезінде түсірілген. Сол кезде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға келді. Ол кісінің жеке фотографы болып, Астанадағы іс-шараларды түсірдім. Гутерриш ізгі ниет елшісі Димашпен және 13 елдің президентімен кездесті», – дейді Оспан Әли.

Кездесулер уақыт жағынан ұзаққа созылмаған. Алайда Димаш Құдайбергенмен кездесудің бір ерекшелігі бар.

«БҰҰ Бас хатшысы шет елге барғанда сол елдегі ізгі ниет елшілерінің бәрін жинап кездеседі екен. Бұл жерде Димашпен жеке кездесу өткізді. Димаш үшін де тарихи сәт деп ойлаймын», – дейді фотограф.

Оспан Әлидің AQJAYMA фотокөрмесі 4 желтоқсанда ашылады/фото: Серикжан Ковланбаев

Оспан Әлидің жаңа фотокөрмесі

Оспан Әли көпшілікке фотокөрмелері арқылы да белгілі. Қазірге дейін Каспий теңізінің тағдырына арналған «Соңғы жағалау», адамның әр жастағы келбетін көрсететін «Ğasyr» көрмесін өткізген.

Ал жаңа фотокөрменің кейіпкерлері – онкологияны жеңіп шыққан азаматтар.

«Желтоқсанда AQJAYMA фотокөрмесі ашылады. Ақжайма – простыня. Өміріміздің тең жартысы жайма үстінде өтеді. «Оған не сіңіріп жатырмыз» деген сұраққа жауап іздейміз.

Әдетте матаға көңіл бөле бермейміз, бірақ сол жерде туып, сол жерде кетеміз. Кейіпкерлер арқылы көрермен өзіне, өміріне мән берсе дейміз» – дейді Оспан Әли.

Фотокөрме 4 желтоқсанда Астанада ашылады.

Сондай-ақ оқыңыз