
Парфюмерияны көбіне сөзсіз сөйлейтін тілге теңеп жатады. Себебі үстіңізден шығатын иіс сіз туралы көп ақпаратты жеткізіп тұрады. Ал енді тұлғаңыз бен табиғатыңызға сай келетін парфюмды қалай таңдау керек? Kursiv Media тілшісі нақ өзіңізге үйлесетін иісті дөп табуға көмектесетін нұсқаулық дайындадық. Сол арқылы қандай басты критерийлерге қарау керегін түсініп, өзіңізді аша түсесіз деп ойлаймыз.
Жасқа қарай таңдаған кезде
18–25: Жалындап тұрған бейнеңізді ашатын иістер
Жастық жалынды аша түсу үшін исі өте жағымды, ерекше композицияларды таңдаған абзал. Мысалы жастарға жеміс, цитрус, гүлді және аква парфюмдер ұнауы мүмкін. Бұл ароматтардан энергия, динамика сезіліп тұрады. Әсіресе, бергамот, алмұрт, пион, інжугүл, манго ноталары бар түрін алсаңыз болады.
25–35: Нәзік әрі сенімді әйелдің образын жасауға көмектесетін ароматтар
Бұл жастағылар көбіне күрделі, еліктіргіш иістерге әуес болады. Сондықтан гүл букеттері, шығыс не жеңіл шипр ароматтары жақсы үйлеседі. Мәселен ваниль, жасмин, раушан, мускус, паучили ноталары бар иістерді таңдауға кеңес береміз.
35–45: Беделді әрі қайратты әйелдерге керек иістер
Отыздан асқан соң адам ақыры өз стилін тауып, бір байламға келеді. Бұл кезеңде сенімділік тіпті арта түседі. Шипр, шығыс, ағаш композициялары жарасады. Ноталарға келсек, агар ағашы, амбра, ветивер, былғары, ирис сынды түрлеріне тоқталсаңыз болады.
45+: Жаны мен тәні үйлескен әйелдердің образына қажет ноталар
Қырықтан асқан кезде әйелдер гармонияның шыңына шығады. Сондықтан бұл уақытта парфюм талғамыңыздың бірден-бір көрсеткішіне айналады. Барқыт шығыс, гүлді, ниша ароматтар осы кезеңге керемет үйлеседі. Мысалы мирра, сандал, шегіргүл, тубероза ноталары бар парфюмдер алсаңыз болады.
Жыл мезгіліне орай таңдаған кезде
Көктем
Жеңіл, гүлді, шөптердің ароматы жарасымды. Өйткені теріге сепкенде бұл иістер керемет ашыла түседі. Әрі табиғаттың жанданған кезінде одан сайын балғын сезім сыйлайды. Ноталарға келсек: сирень, көк шай, пион, жалбыз, ақ гүлдер дұрыс.
Жаз
Аромат өте жеңіл болуы керек. Әсіресе цитрус, аква, жемістер дұрыс. Себебі күннің ыстығында өзіңізге де, өзгеге де абзалы осы. Жүректі айнытатын ауыр иістерге жоламаңыз. Жазда eau de toilette түрін алған жөн. Ноталарға келсек: лайм, апельсин, теңіз тұзы, кокос, қарбыз.
Күз
Жайлы, жылы, терең композициялар таңдауға тырысыңыз. Даршын, карамель, сандал, кедр, алма, ваниль ноталарын жақсы үйлеседі. Былайша айтқанда, жып-жылы көрпеге оранып алғандай атмосфера сыйлайтын ароматтар — күз мезгіліне мастхев.
Қыс
Ұзақ тұратын, исі қатты шығатын иісті қыста себу керек. Амбра, былғары, кофе, ағаш ноталарын таңдауға болады. Күн суығанда парфюмдер басқаша ашыла бастайды.
Қай жерге қандай парфюм себем деп бас қатырсаңыз…
Іскерлік кездесуге, жұмысқа
Бұл жерде иістің барынша «таза», ұстамды болғаны дұрыс. Себебі өткір иіс сепсеңіз, ол айналадағыларға кедергі жасауы мүмкін. Тіпті сіз туралы нашар ой қалыптастыруы да мүмкін. Цитрус, ағаш, жеңіл гүлді иістер таңдауға тырысыңыз. Лайм, ирис, көк шай, ақ мускус ноталары үйлесімді. Иіс бүкіл бөлмені алып кетпес үшін eau de toilette сепкен жөн.
Сауықкешке, кездесуге
Мұндай жағдайда магнетизм сияқты жұмыс істейтін ароматтар керек болады. Әсіресе шығыс, гурман, қанық гүлді иістер таңдаған жөн. Ноталарға келсек, самбак жасин, амбра, пралине, пачули сынды түрлерін алсаңыз болады. Парфюмерияда нағыз еліктіретін нота деп көбіне мускусты айтады.
Саяхатқа шыққанда
Сапарға шыққанда климат ауысады, қимыл-қозғалыс көбейеді, ауа ылғалдығы да өзгереді. Сондықтан жеңіл, әмбебап ароматтар алыңыз. Тревел-сайзда 2-3 флакон ала кетсеңіз болады. Цитрус, су аккордтары бар, лаванда, шай сияқты ноталар дұрыс.
Парфюмді concentration және форматына қарай қалай таңдаймыз?
Бәрімізге белгілі EDT, EDP, Parfum дегендей классификациядан бөлек басқа да түрлері бар. Соларға тоқталсақ:
Hair Mist — шашқа себетін
Концентрациясы жұмсақ, құрамында спирт болмайды. Ыстық жақта тұратындарға жақсы. Қозғалыс көп болса да ұзаққа дейін кетпейді.
Body Mist — жеңіл спрей
Денені сергіту үшін, жаттығумен айналысқанда себеді.
Roll-on / Майлы иіссу
Интимді ароматтар қатарына қатады. Майдан жасалғандықтан, теріге сіңіп, ұзақ сақталады.
Дүкенде ароматты қалай таңдау керек?
1. Бірнеше иісті қатар иіскей бермеңіз. 3-4 парфюмнен кейін басыңыз айналып, ажырата алмай қаласыз. Әрі иістер бір-бірімен араласып, басында көргеніңізді соңында ұмытып, шатасасыз.
2. Блоттерлерге (дүкенде тұратын ұзын жеңішке қағаз) сеуіп, иіскеп көріңіз. Ұнағанын ғана теріге себесіз. Қағазға сепкенде басқаша сезілген иіс теріг тигенде басқаша ашылады. Себебі оған pH, дене температурасы әсер етеді.
3. Асықпаңыз. Аромат бірден ашыла қоймайды. Алғашқы 15 минутта — жоғарыдағы ноталар, 30-60 минутта — ортасы, бірнеше сағаттан кейін барып базасы ашылады.
4. Парфюмнің қанша сағат тұратынына мән беріңіз.
- Eau de Cologne — 2–3 сағат
- Eau de Toilette — 4–5 сағат
- Eau de Parfum — 6–8 сағат
- Parfum — 12 сағатқа дейін
Парфюмдеріңізден гардероб жасағыңыз келсе
Өзіңіздің коллекцияңызды қалыптастырыңыз. Ол үшін сізде кемінде 3 парфюм болуы керек. Одан кемі-кем болады.
- Күнделікті қолданысқа жеңіл, балғын иіс алып қойыңыз.
- Кешке бір жерге барғанға еліктіргіш, тартымды иістер дұрыс.
- Маусым не көңіл-күйге қарай себетін, арнайы бір жағдайда себетін тағы бір иіссу болса қатып кетеді.
Иіс ұшып кетпей, ұзақ тұруы үшін иіссуді қалай сақтау керек?
- Флакон қараңғы жерде тұрғаны дұрыс.
- Температурасы ауыспалы жерге қоймау керек. Ондайда иіс ұшып кетеді.
- Парфюмды жуынатын бөлмеге қоюға болмайды.
- Иіссу өзінің қорабында тұрсын.
Ароматтар эмоцияға қалай әсер етеді?
Парфюмнің де психологиясы болады. Себебі ол көңіл-күйді өзгерте алады, басқалардың сізді қабылдауына бейсаналы түрде әсер етуге қауқарлы.
- Цитрус — сергітеді, күш береді.
- Жасмин, ваниль — эмоциялық түрде жайлы сезім мен жылу сыйлайды.
- Жалбыз, эвкалипт — ой процесін сергітеді.
- Ағаш ноталары — тұрақтылық пен сенімділік сезімін сыйлайды.
Иіс бір болса да, әркімде ол әртүрлі ашылады. Неге?
Теріңіз майлы болса
Ауыр әрі тәтті ноталар майлы теріге тигенде күшейеді. Содан иіс қатты шығады. Сондықтан балғын, цитрус, шөп, аква ароматтар алған жөн.
Теріңіз құрғақ болса
Құрғақтық ароматты «жұтып» қоя береді. Сол себепті тез ұшып кетеді. Шығыс, аромат, гурман ароматтар алсаңыз жақсы үйлеседі. Тағы бір кеңесіміз: теріні әбден ылғалдандырып алып себіңіз.
Нейтрал тері
Егер теріңіз құрғақ та, майлы да болмаса, онда кез келген композиция жақсы ашылады, ұзағырақ тұрады. Неге олай? Себебі терінің pH деңгейіне қарай базалық ноталар ашыла түседі. Иіссу бірдей болғанымен әркімде әртүрлі болып шығатыны содан.
Иіссу алуға арналған чек-лист
- Концентрациясын анықтаңыз
- Batch-кодына қарап, шыққан күнін тексеріңіз.
- Шлейфі ұнайтынына көз жеткізіп алыңыз.
- Теріде қалатыны — базалық ноталар. Соны иіскеп, ұнай ма қараңыз.
- Тұратын жеріңіз бен климатты ескеріңіз.
- Терінің реакциясын қараңыз. Аллергия бермей ме, араласқанда жағымсыз иіс шықпай ма, тексеріңіз.