Ұлттық банк ескерту жасады

Жарияланды 24 Қараша 2025 13:39

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
фото: ашық дереккөзден

Қазір «ақшаны қате аударып қойдым» деп хабарласып, алаяқтық жасайтындар жиілеп кетті. Осыған байланысты Ұлттық банк арнайы ескерту жасады.

«Көп таралған схемалардың бірі – ақша түскені туралы жалған хабарлама жіберу. Ондай кезде азаматтар банк шотына түскен ақша сомасы туралы SMS-хабарлама алады. Кейін оларға қаскөйлер қоңырау шалып, өзін ақша аударған адам ретінде таныстырады да, «қателесіп аударыппын» деген сылтаумен түскен ақшаны кері қайтаруды сұрайды. Бірақ, көбіне мұндай хабарламалар жалған болып шығады», – деп ескертеді реттеуші.

Ондай хабарлама келгенде немесе қоңырау шалғанда ақшаның қайдан келгенін тек банктің ресми мобильді қосымшасында немесе интернет-банкинг арқылы тексеру керек. Белгісіз нөмірден келген SMS-хабарламаға сақ болып, күдікті сілтемеге өтпеген дұрыс. Алаяқтық схеманың тағы бір түрі бар.

«Ол жағдайда қаскөйлер белгілі бір азаматтың шотына шынайы түрде ақша аударады. Кейін олар ақша аударған адам болып қоңырау шалып, «қателесіп аударғанын» айтады да, түскен ақшаны қайтаруға басқа бір үшінші тараптың шотын ұсынады. Әңгіме кезінде психологиялық қысым (мысалы, ақша баланың еміне керек екенін айтып) көрсетуі немесе құқық қорғау органдарына, болмаса, сотқа шағымданатынын айтып, қорқытуы мүмкін. Көбіне алаяқтар өзін «күш құрылымдарының» немесе «Ұлттық Банктің қызметкері» ретінде таныстырып, жеке және банк деректерін сұратады», – дейді мамандар.

Осындай оқиғаға таппай болған жағдайда үшінші тараптың шотына ақша аударудан сақ болу керек. Әуелі банкке хабарласып немесе өтініш тапсыру үшін ең жақын бөлімшесіне бару қажет.

Еске сала кетейік, Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайды, жекетұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, түрлі инвестициялық қорлар мен қаржы өнімдерінеқаржы салымдарын ұсынбайды, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайды, халықпен де ақшалай есеп айырыспайды.

Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігі ведомство атынан үй аралағандарға қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ведомство құжат пен дерек талап еткен, үйге кірмек болғандардың министрлікке қатысы жоқ екенін, олардың алаяқ болуы мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ оқыңыз