
2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Түркістан – Бұхара, Түркістан – Үргеніш (Хиуа) және Түркістан – Самарқанд бағыттарымен қатынайтын жаңа әуе рейстері ашылады. Бұл туралы Kursiv.Media үкімет мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жаңа рейстерді SCAT әуекомпаниясы орындайды. Жолаушы ұшақтары аптасына үш рет қатынайды. Билеттер сатылып жатыр. Бір бағытқа ұшу бағасы – 40 мың теңге.
Бастапқы кезеңде үкімет жолаушы ағынын қалыптастыру үшін субсидия бөліп отырады. Жаңа бағыттар туризмді дамытуды көздейді.
Бұл уақытта Туризм және спорт министрлігі Орталық Азия елдеріндегі ортақ бағыттың жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Оған Алматы, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа кірді
Үкіметтің мәліметінше, Самарқандқа алғашқы тур kompastour операторымен бірлесіп іске қосылды. Қазір басқа да туристік компаниялармен жаңа турлар ұйымдастыру бойынша келіссөз жүріп жатыр.
Бұған дейін Kursiv.Media Қытайға – 33 мың, ал Грузияға 26 мыңға ұшуға болатын арзан билеттер сатыла бастағанын жазған.
Сондай-ақ отандық лоукостер Дубай қаласына ұшу билетін 100 долларға дейін арзандатқан.